ШЫҰ саммитінен мыңға жуық журналист хабар таратты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШЫҰ саммитінен мыңға жуық журналист хабар таратты

04.07.2024

Масс-медиа өкілдері де саммиттен жарыса хабар таратты. Шартараптан жиналған журналистер шоғыры, ауқымды шарада шапшаң әрекет етіп, маңызды ақпаратты лезде жұртшылыққа жариялап отырды.

Жандос Темірғали, тілші:

Әлем назары ауған саммиттің масс-медиа үшін негізгі алаңы мына «Бейбітшілік және келісім сарайында» жасақталды. Мәртебелі меймандармен бірге елордаға 700-ге жуық ақпарат өкілі келді. Отандық ақпарат көздерін қосқанда ұзын саны 1000-ға жуық маман шартарапқа алқалы жиынның мән-маңызы мен өту барысы туралы жаңалық таратты. Саммит өткен мына Тәуелсіздік сарайының өзінде де 200 орынға шақталған баспасөз орталығы жұмыс істеді. Сонымен, журналистер тарихи оқиғаны қалай айшықтады...

Үндістандық әріптесіміздің алақандай телефоны, айналасы 2 минутта айтулы шараның өту барысын мұқым елге паш етті. Хабар таратуда іркіліс болмады. Тілшілер минут сайын тікелей эфирге қосылып, ақпарат аламанының көрігін қыздырды. Бір байқағанымыз, журналистердің дайындығы тас-түйін. Саммитке артынып-тартынып барын әкелген.

Саммитті әлемдік телекеңістіктегі беделді медиақұрылымдар назарда ұстады. ББС, СИЭНЭН,СИСИТВ, Россия 24, Силкуей, түріктің атақты анадолы агенттігімен қатар немістің белгілі басылымдары тоқтаусыз ақпарат таратты. Бір ғана Әл-Жазира телеарнасынан 12 журналист келген. Ал, халықаралық ТРТ Уорлд, Хабер арнасы 60 корреспондентін қатарға қосқан. Ұлттық арнаға Пәкістаннан арнайы жеткен «Әл-Жазираның» тілшісі Осама Бин Джавайд эксклюзив сұқбат берді. ШЫҰ көп жылдан бері зерттеп жүрген тәжірибелі маман, мемлекет басшыларының басын қосып, қауіпсіздік, шекара, экономика, экология саласында маңызды келісімдер жасау - Қазақстан үшін үлкен жетістік деген пікірде.

Осама Бин Джавайд, «Әл-Жазира» телеарнасының тілшісі:

Төрткүл дүниеде қақтығыстар ушыққан тұста, әлем лидерлерінің бір жерге жиналуы жақсы белгі. ШЫҰ кіретін елдер – жаһан халқының 40 пайызын құрайды. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің 3/1-і тиесілі. Мемлекет басшыларының басын біріктіріп, қауіпсіздік, шекара, экономика саласында маңызды келісімдер жасау - Қазақстан үшін үлкен жетістік. Бұл – бір мезетте бірнеше мемлекеттің бірлесе отырып өзекті мәселелерді шеше алатынына жарқын үлгі. Былтыр Қазақстан Астана декларациясы мен ШЫҰ жетілдіру туралы бастама ұсынды. Бұл ұйымға мүше және одан тыс елдермен ынтымақтың күшеюіне жол ашады.

Журналистер ақпарат таратып қана қойған жоқ. V Көшпенділер ойыны қарсаңында құрылған көрмені тамашалады. Ұлттық құндылықтарымызға қанықты. Домбыра шертті... Тіпті, қытайлық әріптесіміз күміспен көмкерілген ертоқымды көріп, үстіне отырып көрді...

Әлем назарын аударған шараға еуропалық БАҚ үлкен қызығушылық танытып отыр.

Рамон Схак, Berliner zeitung тілшісі /Германия/:

Саммит өте жақсы деңгейде ұйымдастырылған. Еуропа Одағының азаматы ретінде айтарым ШЫҰ біздің қызығушылығымызды тудырды. Жаңа әлемнің қалыптастып жатқанына куә болып отырмыз.Қазақстан бұл әлемнің орталығына айналады. Ұйым Беларусьтің мүше болуымен ЕуроОдақтың шекарасына жақындады. Жаңа шындыққа бетпе-бет қарай білуіміз керек. Ынтымақтастық үшін үлкен мүмкіндіктер көріп тұрмын.

Ян Ицзюнь, СGTN медиа-корпорациясының тілшісі /Қытай/:

Ұйымның әлемде беделі зор. Қазақстан төрағалық еткен тұста маңызды 100-ден астам шара ұйымдастырды. Нәтижелі жұмыс атқарылды. Әсіресе, Қазақстанның «Әділ бейбітшілік, келісім және даму үшін» бастамасын атап өтуге болады. Бұл бастама халықаралық аренадағы тұрақсыздықты тежейді.

Саммит – әлемдегі геосаяси түйткілдердің бүлкілдеп тұрған тамырын дөп басты. Сарапшы журналистер Қазақстан ұйымға төрағалықты абыроймен атқарды деп отыр. Ауқымды шарадан ақпарат таратып қана қоймай, мол тақырып қорын да жинап алды. Тілшілер қауымы конструктивті ұсыныстар ұйымның әр қарай дамуына тың серпін береді деген сенімде.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу