Астанада түрікмен халқының ұлы ойшылы ақын Мақтымқұлы Пырағыға арналған ескерткіш ашылды. Мүсін авторы Түрікменстанның халық суретшісі Сарагт Бабаев. 5 метрлік ескерткіштің жұмысы мамыр айында басталған. Ескерткіштің ашылу салтанатына Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов арнайы келді. Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл ескерткіш екі ел арасындағы байланысты нығайтатынын, әрі алдағы уақытта Ашхабад қаласында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевқа арналған ескерткіш орнатылатынын жеткізді.
Сарагт Бабаев, Түрікменстанның халық суретшісі, ескерткіш авторы:
Осыған дейін ақынға арналған ескерткіштерді Ресей, Түркия елдері үшін жасаған едім. Биыл көктем айында Астанаға келіп, мүсінді орналастыратын жерді таңдадық. Мамырда ескерткіштің эскиздерін сала бастадым. Жалпы қазақ еліне айтар алғысым шексіз. Екі ел арасындағы құрмет арта берсін.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Біз бүгін Ұлы ойшыл, тұтас түркі жұртына ортақ тұлға Мақтымқұлы Пырағының ескерткішінің салтанатты ашылу рәсіміне жиналып тұрмыз. Бұл бауырлас қазақ пен түрікмен халықтарының арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде дамып келеді.
Аида Ахметбек