Елордаға бірнеше елдің президенттері келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордаға бірнеше елдің президенттері келді

03.07.2024

Иә бүгінде әлем назары Астанаға ауды. Елорда әуежайы таңнан бері мәртебелі меймандардың ресми борттарын қабылдады. 10 елдің басшысы келді. Олар Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитіне қатысады.

Президенттердің ішінде ең бірінші болып Қытай төрағасы кеше жетті. Ол бүгін Қазақ жерінде мемлекеттік сапармен жүр. Қос елдің ынтымақтастығын арттырудың жаңа жоспары құрылып, тың жобаларды бастау туралы келісімдер жасалып жатыр.

Одан соң Ресей басшысы Владимир Путин Астанаға ат басын бұрды. Биыл қаңтар-сәуір айлары аралығында ұйым ішіндегі өзара сауда көлемі 19,1 млрд доллар болса оның 7,5 млрд долларға жуығы Қазақстан мен Ресейдің алыс-берісіне тиесілі.

Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитіне қатысу үшін, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухта келді. Моңғолия – 2004 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымында бақылаушы мәртебесін алған алғашқы мемлекет. Былтыр қазақ-моңғол арасындағы тауар айналымы 27,7 пайыз өскен.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев те Астанада. Қазақстан мен Әзербайжан арасында бүгінгі таңда екіжақты тауар айналымының тұрақты өсімі қамтамасыз етілген. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда 14,4%-ға өсіп, 529 млн доллардан асқан.

Астана әуежайына қонған мына ұшақ Пәкістан Премьер-Министрі Шахбаз Шарифтің әуе көлігі. Қазақстан мен Пәкістан арасында сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және гуманитарлық ынтымақтастық жолға қойылған.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон да қазақ Астанасына жетті. Тәжікстан 2001 жылы Шанхай ынтымақтастығы ұйымы құрылғалы бері мүше. Соңғы 5 жылда тек Қазақстанмен тауар айналымы 48,2%-ға ұлғайып, 1,1 млрд долларға жеткен.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін көрші Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев те келді. Біздің республикамыздың Орталық Азиядағы барлық тауар айналымының шамамен 57%-ы Өзбекстанмен байланысты.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың да ұшағы Астана әуежайына қонды. Қазақстан мен Қырғызстан берік одақтас. 2019-2023 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 67%-ға артып, 1,5 млрд доллардан асты.

Түрік Президенті Режеп Тайип Ердоған да Астанаға келді. Түркия — ұйымға серіктес ел. Айта кету керек, Түркия Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бестігіне әрі инвестор елдердің үздік 20-на кіреді. Осы жылдың 4 айында өзара сауда көлемі $1,6 млрд-қа жетті.

Қатар Әмірі Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни де Қазақ жеріне келді. Қатар халықаралық ұйымға әріптес мемлекет, Қазақстанның Араб әлеміндегі маңызды саяси әрі экономикалық серіктесі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша елдер арасындағы тауар айналымы шамамен 50%-ға өсті.

Оңғар Алпысбайұлы 

Хабарламаларға жазылу