Каспий су тұщыту зауыты кеңейтіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каспий су тұщыту зауыты кеңейтіліп жатыр

02.07.2024

Мәжіліс пен Сенат депутаттарының өңірлерге іс-сапары басталды. Халық қалаулылары Президент тапсырмалары мен сайлауалды бағдарламасының орындалу барысын қадағалап қана қоймай, тұрғындарды толғандырған мәселелерге құлақ түріп, жергілікті биліктің сол мәселелерді шешуіне ықпал етпек.

Маңғыстауға келген Парламент Сенатының депутаттары аймақта ауыз су тапшылығын болдырмауға ықпал ететін бірқатар жобалардың құрылыс жұмыстарымен танысты. Солардың бірі – «Каспий су тұщыту» зауыты. Тәулігіне 23 мың текше метр ауыз су өндіретін зауыт жұмысы аяқталуға жақын.

Бекбол Орынбасаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Маңғыстаудағы ең күрделі мәселелердің бірі бұл су мәселесі. Қазір енді соны шешуге президент тапсырма берді. Бұл зауыттың мүмкіндігін 40 мың м3 жеткізуіміз керек.

Аймақта қосымша автополигондар салынады

Қостанайда жүргізушілер іс жүзінде тәжірибеден өтетін полигондар көбейіп, оларға қойылар талап күшейеді. Бұл туралы өңірге іссапары барысында Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева айтты. Мамандандырылған орталықта бұрынғыдай ұзын-сонар кезек жоқ. Өйткені жүргізуші куәлігін алғысы келетіндер әуелі онлайн режимде кезекке жазылып, кейін емтихан тапсырады.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Аударма: Бүгінде автомектептер лицензия алмайды. Рұқсат құжаттар керек емес. Олар құр хабарландыру тәртібімен жұмыс істейді. Техникалалық бақылау станциялары да оңып тұрған жоқ. Кейбіреуі құрал-жабдығы болмағандықтан, тексермей, қағаз толтырып, өткізе береді. Біз заң жобасын Сенатқа жібердік.

800-ге жуық жаңа баспана салынып жатыр

Батыс Қазақстан облысында тасқыннан зардап шеккен отбасыларға 800-ге жуық тұрғын үй салынып жатыр. Соның ішінде Подстепное ауылында 106 жаңа баспананың құрылысы қарқын алған. Өңірге келген Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы құрылыс барысын бағамдап, тұрғындармен тілдесті.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Құлаған үйлерді қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Барлығының да аумағы - республикалық типтік жобаға сәйкес 80 шаршы метр. Линолиум, сантехникалық дүниелері, ас пісіру пеші болады. Сол қалпында беріледі.

Ақсай балалар орталығының ғимаратына жөндеу қажет

Алматыға іс сапармен келген Мәжіліс депутаттары қалалық кардиология орталығы мен Ақсай балалар орталығы ұжымдарымен кездесті. Мұнда жыл сайын республика бойынша 7 мыңнан астам бала медициналық көмек алады. Алайда орталықтың ғимараты әбден ескірген. Депутаттар жөндеуге қаржы бөлу мәселесін көтеретіндерін айтты.

Жылу құбыры жаңғыртылып жатыр

Тараз қаласына келген Парламент сенатының депутаты Бекболат Орынбеков көп қабатты тұрғын үйлердің жөндеу жұмыстарымен танысты. Шаһарда 11 үйдің шатыры мен қасбеті тегін жөнделіп жатыр. Қаланың жылу құбыры да жөнделуде. Оған республикалық бюджеттен 7,1 милиард теңге бөлінген. Депутат жобанын құрылысын соңына дейін бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Хабарламаларға жазылу