Қазақстан мен Қытай қатынасы жаңа деңгейге шықты. Ал Қазақстан Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммитін өз астанасында өткізу арқылы үлкен Еуразияда энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сеп болмақ. Сондай-ақ логистикалық жобалар артады. Си Цзинпинь осыдан 11 жыл бұрын Астанада "Жібек жолының экономикалық белдеуі" бастамасын жариялаған еді. Бүгінгі күні қазақ-қытай қатынасының әлеуеті үлкен. Ал Шанхай Ынтымақтастық ұйымы тату қарым-қатынас, тұрақты даму және қауіпсіздікті негізге ала отырып дамиды, дейді қытайтанушы.
Александра Перминова, Қытай және қазіргі Азия институтының ғылыми қызметкері:
Саммит алдында Қазақстан мен Қытай президенттері өздерінің бағдарламалық мақалаларын жариялады. Бұл мақалалардан біз екі тараптың тек сауда, экономикалық байланысы ғана емес, барлық салада ынтымақтастық тереңдегенін көріп отырмыз. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үлкен Еуразияда энергетика, азық-түлік және басқа да дәстүрлі емес қауіпсіздік түрлерімен қамтамасыз етуде белсенді рөл атқаруға дайын екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай Ынтымақтастық ұйымының қалыптасуына куә болған. Ал қазір Қазақстан президенті, бірнеше тілде еркін сөйлейтін тәжірибелі дипломат ретінде осы ұйымның өрлеуіне, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлкен көңіл бөлуде. Шынын айту керек, Қазақстан-Еуразиядағы барлық оң процесстердің локомотивіне айналды.
Соңғы 20 жылда Шанхай ынтымақтастық ұйымы ауқымды халықаралық алаңға айналды. Ұйымның беделі күн санап артып келеді және оған қосылғысы келетін елдердің қатары да өсуде. Болашақта бұдан да артуы мүмкін. Жуырда Ташкентте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің форумына жиналған сарапшылар осылай деп пікір білдірді.
Санжар Мұхамбетов, Қырғыз республикасы президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық бастамалар институтының директоры:
ШЫҰ-ын бүгінде континенталдық, еуразиялық салмақты ұйым ретінде әлем таниды. Жахандағы геосаяси жағдайға қатысты іс- әрекет қандай болмақ деген мәселе төңірегінде ой қосып, пікір алмасып, түрлі бастамалар мен ұсыныстарды біріктіріп келеді. Әсіресе, экономикалық интерграциялар, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, дүниежүзіндегі түрлі соғыс пен қауіп- қатерлерге қарсы тұру бағытындағы үндеулер де осы ұйым тарапынан жасалуда.