Қырғызстанда қаза тапқан төрт баланың денесі жер қойнына тапсырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырғызстанда қаза тапқан төрт баланың денесі жер қойнына тапсырылды

01.07.2024

Қырғызстанда қаза тапқан төрт баланың денесі бүгін Өскеменге жеткізіліп, жерленді. Еске сала кетейін, 28 маусым күні Ош облысының Нооқат ауданында жойқын сел жүріп, 10 адам көз жұмған еді. Оның төртеуі – қазақстандық. Қалған алтауы - қырғыз азаматы. Оқиға орнында іздеу-құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Марқұмдардың табыты салынған арнайы борт Өскеменге таңертең қонды. Кейін, қаза тапқан балалардың денесі Халифа Алтай атындағы орталық мешітке жеткізіліп, қоштасу рәсімі өтті.

Жаназа намазына көппен бірге өңір әкімі Ермек Көшербаев қатысып, қара жамылған екі отбасына көңіл айтты. 4 бала бір-біріне туыс болған. Олар екінші және төртінші сыныпта оқыған. Қайғылы оқиғадан бір күн бұрын екі ұл мен екі қыз аналарымен туыстарына қонаққа барыпты.

Алғат Мұхаматқалиев, қаза тапқан балалардың туысы:

Осы қайғылы жағдайды естігенде басында сенбедік. Мынандай кішкентай балалар. Біздің мемлекет олардың мәйіттерін ұшақ ұйымдастырып, осында әкеліп, бүгін жерлеу рәсімін өткізді. Барлық материалдық көмекті жасады. Көп рақмет.

Облыс әкімдігі балалардың туыстарына көмек көрсету үшін жедел штаб құрған. Оған барлық қызметтердің мамандары жұмылдырылды. Кәсіпкерлер де көмектен аянып қалмады.

Сәуле Рахметуллина, облыстық мәслихат депутаты:

Біз енді келіп туыстарына бәріне көңіл айтып жатырмыз. Балалардан айырылған өте қиын жағдай. Өте көп адам жиналып, туыстарына көңіл айтып жатыр. Біз де өзімізше қолдау көрсетіп жатырмыз.

Қазақстан тарапы айыр қалпақты ағайынға, гуманитарлық көмек жөнелтті. Қазір қайғылы оқиға болған Абшыр ата туристік аймағында тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Қырғыз Республикасының төтенше жағдай министрлігі қауіптің беті қайтқан жоқ деп отыр.


Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу