Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Синьхуа» агенттігіне сұхбат берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Синьхуа» агенттігіне сұхбат берді

01.07.2024

2-4 шілде күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Сондай-ақ, Си Цзиньпин Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысына қатысады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Осы сапары қарсаңында Мемлекет басшысы Синьхуа агенттігіне жазбаша сұхбат берді. Онда, Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымын 100 миллиард долларға жеткізу қажет екенін айтты. Мұнда екі елдің байланысынан бастап, аймақтағы рөлі мен алдағы жоспарлар айтылған. Президент соңғы 30 жылда қос ел арасындағы сауда көлемі 100 есе артқанын айтып, байланысты нығайта түсетін негізгі бес бағытты атаған. Президенттің пікірінше, екі ел инвестиция, ауыл шаруашылығы, машина жасау, индустрияландыру салаларындағы ықпалдастыққа көбірек көңіл бөлуі қажет. Білім саласында да Қытайдан аларымыз көп. Сондықтан ондағы оқу орындарының филиалын Қазақстанда ашу үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, - деді Президент. Әрі арасында қытай тілінде неліктен сөйлейтінін түсіндірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шынымен де кейде әңгіме арасында әріптесіме аса маңызды мәселелер туралы ойымды барынша нақты жеткізу үшін немесе күнделікті өмірдің қызықты тақырыптарын талқылау үшін қытай тіліне ауысып жатамын. Менің студенттік өмірінің ең бір жарқын сәттері мен дипломат ретіндегі мансабымның бастауы Қытаймен байланысты. Жалпы есептегенде мен Қытайда 8 жыл өмір сүрдім. Осы уақыт ішінде мен Қытай мәдениетіне, тарихына, тілі мен дәстүріне терең бойлап, Қытай асханасының бай мұрасы мен алуандығын таныдым.

Сондай-ақ сұхбатта Президент Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етудің маңызы мен күтілетін нәтижелер туралы айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бірлестіктің аясы кеңейіп жатқанына тоқталды. Биыл қауіпсіздік мәселесін шешуге, сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, экологияны қорғауға басымдық беріледі. Мемлекет басшысы саммит қорытындысында «Шанхай рухының» негізгі қағидаттары толық іске асатынына сенім білдірді.


Хабарламаларға жазылу