Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғындары жол азабын тартып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғындары жол азабын тартып отыр

30.06.2024

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда үйлер мен пәтерлерберіліп жатыр. «Дұп-дұрыс» дейтін тірлік. Сол өңірлердің балаларына демалыс жолдамалары беріліп жатыр. «Бәрекелді» дейтін бастама.

Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында тасқыннан зардап шеккен отбасылардың балаларына 12 күнге жолдама берілді. Балалар «Туған елге саяхат» жобасы аясында Қазақстанның көрікті шаһарлары мен Бурабай курорттық аймағына сапар шегеді. Көктемде алапат су тасқынының бар азабын көрген, сезінген, мұңайған жасөспірімдер Астана, Алматы, Тараз, Түркістан, Байқоңыр қалаларындағы тарихи орындармен танысады.

 Бұл айтып отырмыз ғой, өте дұрыс дейтін тірлік. Дегенмен...

«Асфальт сұрап жүргенде қара жолға зар боп қалдық». Қостанай облысының шалғай шетіндегі Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғындары пұшайман болып отыр. Тасқын су онсыз да сапасыз жолды 25 жерден шайып, мүлде жүруге жарамсыз еткен.

Жалпы аймақта облыстық деңгейдегі 57 жол учаскесін су шайып, 4 көпір зақымданған. Тек Жангелдин ауданында барлық алты бағыттағы жол 81 жерден бұзылған. Бұл өңірде бір ай бойы елді-мекендерге жұртшылық тек тікұшақпен қатынады. Кейін уақытша өткелдер жасалды.

Алайда жаз ортасына жетіп қалды, әлі қалпына келтіру жұмыстары басталған жоқ. Дәуренбек Әбдібектің рептортажы.

Торғайдан Ахмет ауылына баратын жол әуелден жетісіп тұрған жоқ еді. Су тасқыны онсыз да сапасыз жолды бірнеше жерден шайып, мүлде тас – талқан етті. 2022-ші жылы 107 шақырымның 27 шақырымына асфальт төселген. Ол да ұзаққа бармады. Биыл тасқын жолды бірнеше жерден бұзып, бетіндегі асфальтты шайып әкетті. Міне, жиекте шашылып жатыр.

 Бұл жолмен қазір күн ашықта ғана әупірімдеп қозғалуға болады. Ой-шұқырының санынан жаңыласыз. Аса сақ болмасаңыз көлігіңізді зақымдап далада қаласыз. Кей тұстары әлі су астында жатыр. Жергілікті жұрт амалдың жоқтығынан жүреді.

Ерболат Оспанов, Жангелдин ауданының тұрғыны:

Жолды көріп тұрсыздар, жағалай жырып кеткен. Ана жерден зорға өттік асты тиіп Джиппен. Жеңіл көлікке қиын. Жаңбыр жауса жүре алмаймыз. Екі елдің арасы алыс. Далада қалып жатады адамдар.

Бұл бағыттағы жол Ақкөл және Ахмет Байтұрсынұлы ауылдарына барады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған атақонысы. Аты дардай киелі мекенге қатынас оңалмай келеді. 2022-ші жылы төселіп басталған асфальт былтыр әрі қарай жалғаспады. 2023-ші жылы 50 шақырымына қиыршық тас аралас құм төсеу жобасы да мердігер шықпады деген желеумен жүзеге аспады.

Темір Қосаев, Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны:

 Торғаймен екі ортадағы жолды халық жайдақ тіркемеге мініп, өзенді қолмен бөгегендей ғып бөгеді. Ол халықтың еңбегі. Ал енді халық сөйтіп жатқанда мына жоғары жақтағылар неге ойланбайды? Баяғыда шалдар айтатын еді «Інгенімді сұраймын деп мінгенімнен айрылдым» деп. Бұрын асфальт сұрайтын едік, енді грейдердің өзі жоқ. Қара жолға зар боп қалдық.

Әбсалық Жақсымбеков, Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны:

 Бұл киелі жер. Ахметтің туған жері. Жан жақтан, тіпті шетелден адамдар келуі мүмкін ғой. Олар келгенде мына жолды көріп, бұл Қазақстан Ахметті қадірлемейді екен деп ойлап кетуі мүмкін ғой.

Мамандар қазір аудандағы жолдардың қаншалықты бүлінгені, жөндеуге қанша қаржы қажеттігі есептеліп жатыр дейді. Бұл жұмыс шілде айында аяқталуы тиіс. Содан кейін барып қалпына келтіру басталады. Ал тасқынға қатысы жоқ, бұған дейін қабылданған жобалар бойынша жұмыс жоспарлы түрде жүргізіле береді.

Серік Айтқұлов, Жангелидн аудандық ТКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

 Биылғы басталып жатқан жоба Шұбалаң - Қарасу деп талады. Яғни осы жолдың 59,7 шақырымынан Ахмет Байтұрсынұлы ауылына дейін. Ол жоба бойынша мемлекеттік сатып алу өтті, қаржы бөлінді. Жұмыс жүріп жатыр.

Бірақ былтыр жасалған жоба биылғы жағдайға сәйкес келмейді. Көтерме жолдың көп бөлігін су шайғандықтан шығын көлемі көбейген. Содан болар жұмыс басталғанымен, қарқыны баяу.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Бұл жердің жолын су шаймаған. Әуелден жоқ. Ахмет пен Ақкөл ауылының ортасы. Қазір осы жерде үш ауыр техника жұмыс істеп жатыр. Олардың алдына қойылған міндет екі ауылдың ортасын көтерме жолмен жалғау.

Аудан басшылары есептеу аяқталған соң бұл жобаға да облыстан қосымша қаржы сұраймыз деп отыр. Жалпы облыста бүлінген жолдың 14 учаскесін қалпына келтіру жұмысы аяқталған. Зақым келген төрт көпірдің екеуін күрделі жөндеу үшін жобалық сметалық құжат әзірленіп жатыр. Алайда су кетпегендіктен жолдың кейбір бөліктері биыл мүлде жөнделмеуі де мүмкін.

Еркін Баймағанбетұлы, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:

 Қазір төрт жол суда тұр. Жабық. Оның үшеуі облыстық маңыздағы жол. Екеуі аудандық маңыздағы жол. Судың биіктігі 1-2 метр жолдың бетіндегі.

Жалпы облыста биыл 1200 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жасалады. Бұған 36 млрд теңгеден аса қаржы қарастырылыпты. Аз ақша емес. Орнымен жұмсалып, елдің кәдесіне жараса қанеки...

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу