Париж Олимпиадасы: Қазақстан қоржынында 83 жолдама - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Париж Олимпиадасы: Қазақстан қоржынында 83 жолдама

28.06.2024

Париж Олимпиадасының басталуына бір ай қалды. Қазақстан қоржынында әзірге 83 лицензия. 5 шілдеге дейін жеңіл атлетикадан спортшылар тағы да жолдама алуы мүмкін. Бұл туралы Туризм және спорт министрінің орынбасары мәлімдеді. Серік Жарасбаевтың айтуынша, лицензия жеңіп алған атлеттер спорт түрінің ерекшелігін ескере отырып, тыңғылықты дайындалып жатыр. Әзірлікке 10 спорт түрінен 14 шетелдік маман тартылған. Кешенді ғылыми топ спортшылардың тамақтануы, даярлығын талдау, оларға психологиялық көмек көрсету мен дәрігерлік бақылаумен айналысып жатыр. Сондай-ақ ведомство басшысының орынбасары Олимп ойындарының ашылу салтанатында ту ұстап шығатын атлеттерге байланысты шешім өзгеріп жатқанын жария етті.

Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары:

Біріншісі Асланбек Шымбергенов. Екінші қасында Ольга Сафронованы біз қазір ұсынып жатырмыз. Сол екеуі барлық жағдайлары жақсы болса, соларды белгілеп жатырмыз. Сонымен қатар резервтің ішінде палуан Нұрсұлтан Тұрсынов, семсерлесуші Әйгерім Сарыбай.

 26 шілде күні алауы жағылатын Олимпиаданы тамашалаудың орташа құны – 50 мың теңге. Бүгінде он млн-ға жуық билеттің жартысы сатылып кеткен. Олимп ойындарындағы ең арзан билет - гольф бағдарламасында. Кіру құны шамамен 11 мың теңге, жеңіл атлетиканы жақыннан көру 110 мың теңгеге дейін жетеді. Ал ойындардың ашылу салтанатының билеті 49 мың теңгеден басталады.

Мари-Катрин Эттори, Париж Олимпиадасының салтанатты шараларын ұйымдастырушы:

Бұл - Трокадеро алаңы. Мұнда жоғары лауазымды тұлғалар мен ашылу салтанаты кезінде Сена өзені бойымен жүріп өтетін спортшылар отыратын болады. Бұл орындардың барлығы салтанатты шара кезінде қоюшы-суретшіміздің сценарийіне сай түстерге көмкеріледі. Дәл осы жерде Олимп ойындарының ашылу салтанатында алау жағылады.


Хабарламаларға жазылу