АҚШ-та президенттік сайлау алдындағы саяси науқан жалғасып жатыр. Жергілікті уақытпен бейсенбі екі негізгі кандидат бірінші рет теледебат өткізді. Оны миллиондаған адам тамашалаған.
АҚШ-та президент Джо Байден мен Дональд Трамп арасында алғаш рет теледебат өтті. Бір жарым сағаттық пікірталас CNN телекомпаниясының студиясынан көрсетілді.
Бұған дейінгі дебаттарда 81 жастағы Байден әрдайым басым түсті. Осы жолы ол қайта-қайта сөзден де, саннан да сүрініп, партияластарының үмітін ақтамады.
Джо Байден, АҚШ президенті:
Мен түсініксіз салықтарды реттегім келеді. Америкада мың триллионер бар, жоқ миллиардерлер бар дегім келді.
Байденнің сөзден шатасқаны аздай, оның дауысы көпшілікке отырып қалғандай көрінді. Сондықтан, демократтар қазір Байденді президенттік сайлауға жібермей, орнына басқа кандидат іздеу мәселесін дереу күн тәртібіне шығарып отыр.
Ал «Нью-Йорк Таймс» газетінің хабарлауынша, 78 жастағы Трамп әдеттегідей, қарсыласын өтірік-шыны аралас айыптаулардың астында қалдырды. Және де экс-президент сөзден еш жаңылмай, сұрақтарға қысқа да нұсқа жауап беріп, ешқандай дәлел келтірместен Байденге көп мін тақты.
Дональд Трамп, АҚШ-тың бұрынғы президенті:
Бүкіл ел сіз үшін жарылайын деп тұр. Себебі сізді ешкім сыйламайды. Әлем жұртының да сізге құрметі шамалы.
Дебатта ішкі-сыртқы саясатпен бірге экономика, медицина, аборт мәселелері де сөзталасқа арқау болды. Айта кетсек, Құрама Штаттарда президенттік сайлау биыл қарашаның 5-де өтеді.
Арыстан Рысбек