АҚШ-та баспанасыздар көбейіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та баспанасыздар көбейіп барады

28.06.2024

АҚШ-та баспанасыздар көбейіп барады. Елдегі тұрғылықты жері жоқ азаматтар саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Содан болар көп штат көшеде түнеуге тыйым салатын шектеулер қабылдап жатыр. Бірақ халық тұрғын үй бағасының шарықтауы тоқтамай, баспанасыздардың қатары арта береді деп санайды.

Баспанасыздар мәселесі әсіресе елдің батысында ушығып тұр. Күркелерді кез-келген көшеден көруге болады. Үйсіз-күйсіздер сол жұпыны шатырларды айлап, тіпті жылдап пана етіп келеді. Амалы таусылған штат әкімдері кезбелерге кез-келген жерді паналауға шектеу қойып, айыппұл салуға кірісті. Белсенділер баспанасыздарды жазалауды күрделендіріп, қылмыстың өршуіне әкелуі мүмкін дейді.

Эйден Хилл, қоғам қайраткері:

Баспанасыз өмір сүру қылмыс емес. Көшені паналауға мәжбүр адамдар баспана мен қолдауға мұқтаж екенін ұмытпау керек. Онсыз да өршіп тұрған мәселе айыппұл салумен шешілмейтіні анық. Айыппұл арқалағаннан кейін олар баспаналы болып кетпейді. Жағдай одан сайын ушыға береді. Оның соңы жақсылыққа апармайды.

Мұндай жағдай Орегон штатының Грантс-Пасс қаласында да тіркелді. Жергілікті әкімшілік саябақтарға шатыр тігіп, паналағаны үшін баспанасыздарға 295 доллардан айыппұл салынған. Бұған наразы жұрт сот алдына жиналды.

Анжелита Морилло, Портленд қалалық кеңесіне кандидат:

Бұл өте өкінішті жағдай. Біз бұл мәселені шешіп жатырмыз деп тек сөз жүзінде ғана айтамыз. Іс жүзінде баспана қолжетімді әрі жеткілікті болса, көше паналайтындардың саны бұлайша көп болмас еді. Енді біз инвестицияны баспана салуға жұмсаймыз ба? Әлде түрме салуға ма? Осыны жақсылап ойлауымыз қажет.

Ресми деректерға қарағанда елдегі баспанасы жоқ азаматтардың саны бірден 12 пайызға артқан. Кемі 650 мың адам көше кезіп жүр. Пәтерді жалға алу құнының күрт өсуі мен коронавирус жағдайды тіпті ушықтырып жіберді. Ал көшелер мен  саябақтарды паналап отырған баспанасыздарды жазалау қаншалықты заңды деген мәселе көп ұзамай нақты шешілмек. Тараптар Жоғарғы сотқа шағым түсірген.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу