Атом электр станциясын салуға қатысты референдумның күзде өтетінін Президент бүгін журналистерді марапаттау кезінде айтты. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңыңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалам ұстаған бір топ қауымға арнайы сыйлықтар мен гранттарды тапсырды. Мемлекеттік наградаға ие болғандар да аз емес. Арасында арнамыздың қызметкерлері де бар.
Әдетте бұл залда өтетін саяси немесе салтанатты шараларды тілшілер түсірумен шектелетін. Бүгін өздері мәртебелі мейман. Мереке қарсаңында Президент бір топ журналисті жинап, БАҚ саласындағы сыйлықтар мен гранттарды және мемлекттік наградаларды табыстады. Кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мемлекет те журналист те ұлт үшін қызмет етеді. Ел тағдырын шешуге ат салысады. Өйткені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай. Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Баршаңызды БАҚ қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Бұдан соң марапаттау басталып, «Құрмет» ордені табысталды. Оны кеудесіне таққандардың бірі - Ертай Айғалиев. Журналистика саласында жарты ғасырдан астам қызмет еткен.
Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын. Осы қағиданы берік ұстанып, салаға еңбек сіңірген азаматтар аз емес. Оларға «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. Оны иеленгендердің қатарында «Qazaqstan» телеарнасының директоры Болат Мүрсәлім және қара шаңырақта 20 жылдай қызмет еткен телеарнамыздың Шымкент қаласындағы меншікті тілшісі бар.
Пердеғани Қалмахан, «Qazaqstan» телеарнасының Шымкент қаласындағы меншікті тілшісі:
Беріліп істеген еңбек қай кезде де адамды шыңдайды. Өсіреді. Мерейін тасытады. Абыройға бөлейді. Бүгін мен үшін сондай бір жарқын сәт. Осы орайда мемлекет пен қоғамның дамуы үшін елге қызмет етуге еңбек етуге мүмкіндік берген қара шаңырағымыз «Qazaqstan» телеарнасына алғысым шексіз.
Мемлекет басшысының БАҚ саласындағы сыйлығын биыл «Қазақстанская правда», «Түркістан» газеттерінің және «Интерфакс-Қазақстан» ақпараттық агенттігінің бас редакторлары мен «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы алды. Ал Президент грантын «Хабар», «Жібек жолы» телеарналарының тілшілері мен «Орал өңірі» газетінің бас редакторы және арнамыздан көрсетілетін «Ақорда» арнайы жобасының авторы - продюсері Ақерке Бектас иеленді.
Ақерке Бектас, «Ақорда» арнайы жобасының авторы – продюсері:
Бұл - қазақ телевизиясының қара шаңырағы Ұлттық арнадағы ұжымдық жұмыстың нәтижесі. Шығармашылық топтың бірлесе атқарған еңбегі. Ең бастысы - бұл үлкен жауапкершілік. Енді көрермен тарапынан да талап күшейетіні сөзсіз. Сондықтан ізденісті ары қарай жалғастыра береміз. Бүгін марапат алған барлық әріптесімді шын жүректен құттықтаймын. Мереке құтты болсын.
Сондай-ақ Президент саладағы оң өзгерістерге тоқталды. Жақында «Масс-медиа» туралы заң қабылданды. Қазір журналистика сөз бостандығы жан-жақты дамып келеді. Бұған елімізде 100-ден астам тәуелсіз бұқаралық құралының болуы дәлел. Сол арқылы түрлі пікір айтылып, қоғамдық плюрализм көрініс тапты. Десе де барды бар деп айтудың орнына «Бәрі жаман», «Ештеңе өзгерген жоқ» кері тартатындары да жетерлік. Бұған қатысты Президент былай деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сөз бостандығы елдегі әрбір бастаманы сынау деген сөз емес. Нағыз ұлт мүддесін көздеген ақпарат құралы елдің береке бірлігін нығайту үшін қызмет етуі керек. Баспасөз қоғамның бет бейнесі.
Мемлекет басшысының бұлай деуі бекер емес. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жүргізіліп еліміз дамудың жаңа жолына түсті. Саяси жүйе өзгерді. Шетелден инвестиция көлемі артып, экономикамыз еңсесін тіктей бастады. Жүздеген жоба жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, Алматы облысында 2026 жылы әлемге әйгілі Pepsico компаниясының Орталық Азиядағы ең ірі зауыты ашылады. Қытайлық әріптестермен Абай облысында жылына 300 мың тонна мыс қорытатын зауыт салу туралы келісімге қол жеткізілді. Сондай-ақ биыл «Астана – Алматы», «Алматы – Өскемен» сияқты ірі автожол жобалары іске қосылмақ. Қоғамды алаңдатып келген тұрмыстық зорлық-зобылық, несие мәселелері құқықтық жағынан реттелді. Жақында лудоманияға қарсы заң қабылданады. Президент осының бәрін халыққа жеткізіп, іске асыруда журналистердің рөлі зор деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ақпарат – қуатты құрал. Әсіресе, қазіргідей құбылмалы заманда халыққа жан-жақты сарапталған, тексерілген, шынайы ақпаратты ұсыну аса маңызды. Азаматтарды адастыратын ақпаратқа жол беруге болмайды.Ақпарат құралдары – халықтың үні, ұлттың жаршысы, бұқараның рухани тірегі. Сондықтан журналистердің кәсіби тұрғыдан мықты болуы өте маңызды, бұл, тіпті, шешуші дүние.
Досжан Маратұлы, тілші:
Яғни Президент журналистер қауымын ел үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Оның айтуынша реформалар әлі де жалғаса береді. Бірақ көбіне мұндай жағымды ақпарат лайықты деңгейде таралмай жатады. Сондықтан ел дамуындағы оң өзгерістерге көбірек назар аудару бұқаралық ақпарат құралдарының, әсіресе, мемлекеттік БАҚ-тың міндеті деп санаймын, - деді Мемлекет басшысы.
Досжан Маратұлы