Журналист - ұлт үшін қызмет етеді. Бүгін осылай деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында бір топ БАҚ өкілін мерекемен құттықтап, оларға сыйлықтар мен гранттарды және мемлекеттік наградаларды табыстады. «Ерен еңбегі үшін» медальімен марапатталғандардың арасында «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының директоры Болат Мүрсәлім және телеарнамыздың Шымкент қаласындағы меншікті тілшісі Ғани Қалмахан бар. Ал президенттің БАҚ саласындағы грантын иеленгендердің бірі «Ақорда» арнайы жобасының авторы әрі продюсері Ақерке Бектас.
Ақерке Бектас, «Ақорда» арнайы жобасының авторы – продюсері:
Бұл қазақ телевизиясының қара шаңырағы ұлттық арнадағы ұжымдық жұмыстың нәтижесі. Шығармашылық топтың бірлесе атқарған еңбегі. Ең бастысы бұл үлкен жауапкершілік. Енді көрермен тарапынан да талап күшейетіні сөзсіз. Сондықтан ізденісті ары қарай жалғастыра береміз. Бүгін марапат алған барлық әріптесімді шын жүректен құттықтаймын. Мереке құтты болсын.
Досжан Маратұлы