Шетелде тұратын этникалық қазақ балалары Ақмола облысында бас қосты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелде тұратын этникалық қазақ балалары Ақмола облысында бас қосты

26.06.2024

Шетелде тұратын этникалық қазақ балалары жылдағы дәстүр бойынша биыл да Ақмола облысында бас қосты. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген 250-ден астам жеткіншек қазір тамылжыған табиғатымен ерекшеленетін Бурабайдың баурайында демалып жатыр. Олар үшін арнайы «Жас қазақ» жазғы этнолагері жұмысын бастады. 

Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жеткіншектер қазақ халқының салт-дәстүрімен де, мәдениетімен де етене таныс. Көбі тарихи отанына алғаш рет табан тіреген. Десе де, домбырада шебер ойнайды. Күйлердің түр-түрін жатқа біледі. Қазақстанның әдебиеті мен тарихын да сүйіп оқиды.
Абылай Айдос, оқушы:
Осы жақтың табиғаты, бәрі тамаша екен. Ұнап жатыр. Спортпен айналысуға болады. Біз кешеден бері теннис, домбыра, волейболмен айналысып жатырмыз. Болашақта осы жаққа оқуға түскім келеді.
Жазғы этнолагерьде балалар екі апта бойы садақ ату, асық ойнау сынды қазақ халқының мәдени құндылықтарымен етене танысады. Сурет салу, қыш құмыра жасау сынды үйірмелерге де қатысады. Шетелдегі қазақ балаларын жазғы демалыста атамекенге шақыру бірнеше жыл бұрын қолға алынды. Этнолагерьге жолдаманы тек сан-салада жетістікке жеткен жеткіншектер ғана алады.
Данияр Қадыров, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті:
Тағы бір ерекшелік-осы жақында Қазақстанда болған топан суда көмектесеміз деп Моңғолияның оқушылары өздері ұран жасаған болатын. Ол балалар да осында. Негізі ең басты біздің ойымыз осы балаларды біріктіру.
Жобаның басты мақсаты - шетел асқан қазақ балаларының болашақта тарихи отанына көшіп келуіне септігін тигізу.

Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу