Осы аптаның соңында «Наурыз» бағдарламасына өтінім қабылдау аяқталады. Үш айдың ішінде құжат тапсырғандардың саны 32 мыңға жетті. Осылайша биыл «Наурыз» және «Отау» бағдарламаларына қатысушылар саны 64 мыңнан асып отыр. «Отау» арқылы өтінім бергендердің алды пәтер кілттерін де алып үлгерді.
Баспаналы болғандарың саны 8 мыңнан асқан. Қуанышы қойнына сыймай, қоныс тойын күтіп жүргендердің бірі – Сейтжан Ниязбектің отбасы. Екі балалы жанұя 5 жылдан бері пәтер жалдаған. Биыл армандарына жетті.
Сейітжан Ниязбек, Орал қаласының тұрғыны:
Бес жылдың ішінде армандап осы 2024 жылы соған қадам басып, мақсат қойып сол мақсатымызға жеттік. 8 мың адамның ішіне кірдік. Тезірек банкке барып, төлем қабілеттерімізді растап, өттік. Үй қараңыздар деді. Үй қарап сайтқа шыққан кезде 4 күн ішінде тез-тез рәсімдедім. Еш кедергі болмады.
«Наурыз» бағдарламасына аптаның соңында құжат қабылдау аяқталады. Ары қарай екі апта іріктеу жүргізіледі. Дегенмен үміттілердің бәрі үйлі болмайды. Санатына, жасына отбасылық жағдайына қарай ұпайлары есептеледі.
Меруерт Әділбаева, «Отбасы банкі» орталық филиалы бизнесті басқару басқармасының басшысы:
32000-нан астам адам өтініш беріп жатыр. Соның ішінде балдық тәртіппен іріктеу арасынан 12000 адамды таңдап алады. Соның ішінде 60 пайызы жасы 35 жасқа дейінгі жастар таңдап алынады. Қалғаны 40 пайызы 35-тен жоғары азаматтар.
Өтінім бергендердің басым бөлігі жастар дейді, «Отбасы банкі» өкілдері. Әсіресе, Алматы, Астана, Шымкент және Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан белсенділік басым. Ал қатысушылардың тізімі түгел «Баспана маркет» порталында ашық жарияланады. Осылайша, халық өз ұпайларын біліп, іріктеуден өту яки өтпеуінің де себебін түсіне алады.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Қос бағдарламаның кей шарттары ұқсас. Мәселен екеуіне де 18 бен 63 жас аралығындағы барлық қазақстандық қатыса алады. Соңғы 5 жылда атыңызда үйдің болмауы маңызды. Соңғы алты айдағы табысты растау міндет. Алғашқы жарна екеуінде де 20 пайыз. Депозитте 1 млн болуы керек. Бірақ «Отауда» депозитіңіздің ашылғанына 18 ай толу керек, «Наурызда» мерзімі маңызды емес. Ал айырмашылығы мынада. Жылдық мөлшерлеме «Отауда» 9 пайыз болса, «Наурыз» бағдарламасында әлеуметтік осал топтар үшін 7 пайыз. Қалғаны 9 пайызбен рәсімдейді. «Отауда» үйдің шекті бағасы 30 млн болса, «Наурызда» ірі қалаларда 36 млн-ға дейін рұқсат етілген.
Жеңілдетілген екі бағдарлама да мұнымен тоқтамайды. Алдағы 8 жыл халыққа қызмет көрсетпек. Нәтижесінде, жыл сайын Сейітжан Ниязбек сияқты 20 мыңға жуық тұрғынның үйлі болуға мүмкіндігі бар. Бастысы - жоғарыда айтқан талаптарға сай келу.
Раушан Сайлауқызы