Есін жиған сарбаздың жағдай әлі ауыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Есін жиған сарбаздың жағдай әлі ауыр

24.06.2024

Отарда комаға түскен сарбаз Нұржігіт Әбділпатта есін жиды. Десе де, дәрігерлер әскери қызметшінің жағдайы әлі ауыр деп отыр. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Тиісті ем-домын қабылдауда.
Қуан Нұрақын, тілші:
Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жүрген сарбаз қазір Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігіне қарасты мына емдеу мекемесінде жатыр. 19 жастағы қостанайлық азамат орталыққа арнайы тікұшақпен жеткізілген болатын. Дәрігерлер кеше сарбаздың комадан оянып, есін жиғанын хабарлаған еді.
Жігіттің ішкі ағзалары әлі қалпына келмеген. Өзі сөйлей алмайды. Әзірге күніне 6-8 сағатқа медициналық ұйқыға жатқызылып, сол аралықта ем-шараларын қабылдап жатыр. Сарбаздың аяқтан тұрып кетуі үшін әскери емдеу орталығында барлық жағдай жасалды, - дейді дәрігерлер. Қосымша білікті мамандар да тартылған.
Болат Тасыбаев, әскери клиникалық госпитальдің жетекші терапевті:
Әскери қызметші ауыр халде екі жақты пневмониямен ауырған салдарынан оның басқа да ағзаларға зақым тиюуіне алып келетін ауру. Өте қарқынды және тез дамитын ауру. Тыныс жолдарының жетіспеушілігімен қоса бауыр, бүйрек жетіспеушілігіне алып келеді.
Қостанайлық азамат Жамбыл облысы Отардағы нөмірі 30212 әскери бөлімде есін жоғалтып, комаға түскен. Артынша Алматыға жеткізілді. Сарбаздың анасы қиын сәтте отбасына қолдау көрсеткен дәрігерлер мен қазақстандықтарқа алғысын білдірді.
Жанна Жанәлі, сарбаздың анасы:
Дәрігерлердің көмегімен біздің баламыз комадан оянды. Комадан оянғаннның өзінде жағдай әлі де ауыр болып есептеледі. Алда бізді ұзақ оңалту және қалпына келтіру процестері күтуде. 
Әзірге сарбаздың есін неден жоғалтқаны белгісіз. Әлімжеттіктен бе, әлде сырқат ба? Оны тергеу анықтайды. Нұржігіт Әбділпаттаның анасы әлеуметтік желіге бейнеүндеу жариялаған соң Мемлекет басшысы осы оқиғамен мұқият танысып, бақылауына алған болатын.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу