Малдың терісі мен жүнін өткізгендерге субсидия беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Малдың терісі мен жүнін өткізгендерге субсидия беріледі

24.06.2024

Малдың терісі мен жүнін өткізгендерге субсидия беріледі. Бұдан бөлек, осы өнімдерді дайындайтын орталықтар құрылады. Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында осындай кешенді жоспар әзірлеген.

Иә, елімізде өңдеу саласы өркендер емес. Тіпті, тері мен жүнді өңдей аламай, шикізатты шірітіп жатырмыз. Ал, өңдейді деген зауаттар ашылмай жатып, жабылып қалатынына етіміз үйренгелі қашан. Бүгін бұл қордаланған мәселе Мәжілістегі Үкімет сағатында қаралды. Ауыл шаруашылық министрі қайта өңдеу саласының ілгерілеуін іркілтіп тұрған алғашқы бес себебін атады.

Біріншіден, шикізат жетіспейді. Екіншіден, импорттың үлесі жоғары. Министр осы тұрғыда қарапайым мысал келтірді. Қолдың сары майының келісі 3100 теңге болса, импорттың орташа бағасы одан екі арзан. Яни, біздегі өнім қымбат. Үшінші себеп, жеңілдетілген қаржыландырудың және айналымдағы қаржының болмауы. Төртіншіден, техникалық жабдықтар тозған. Жаңашылдық жоқ. Соңғысы, теріні өңдеуде шикізаттың сапасы төмен.

 Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Кешенді жоспарда жүн мен теріні өңдеуді дамытуға ерекше орын бөлінген. Өз кезегінде отандық өңдеу кәсіпорындарын ынталандыру үшін тері мен жүнді өңдеуге тапсырған кезде фермерлерді субсидиялау жоспарлануда. Өнеркәсіптік көлемді қалыптастыру мақсатында елдің барлық өңірлерінде, оның ішінде ауыл шаруашылығы жануарларының терісі мен жүні бойынша дайындаушы орталықтарды құру жоспарлануда. Бұрынғы завод-конторалар.

Қытайға теріні экспорттау да қолға алынбақ. Қайта өңдеу саласын дамытуда ет, сүт, тері, жүн өмідерін толықтай қамту жоспарланған.

Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайту үшін Сыртқы істер министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық тауар өндірушілерге дайын өнімді өткізудің экспорттық арналарын іздеуге және кеңейтуге жәрдемдесу жөніндегі Жобалау офисін ұйымдастыру ұсынылады.

Самал Қабышева, тілші:

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға 372 млрд теңге бағытталмақ. Алдағы бес жылға арналған кешенді жоспар жүзеге асқанда. еліміздегі қазақстандық өнімнің үлесі артады, дейді Ауыл шаруашылығы министрі.

 Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу