Түркістан облысында тазалық шарасына зейнеткерлер де қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында тазалық шарасына зейнеткерлер де қатысты

21.06.2024

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Түркістан облысында қарқынды жүруде. Шара аясында бүгін Арыс қаласында сенбілік өтіп, оған зейнет жасындағы қариялардан бастап шаһар тұрғындары да қатысты. Сондай-ақ халық қалаулылары мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еңбек ұжымдарының өкілдері мен жастар да бір кісідей атсалысты. Экобелсенділер ағаш түптерін әктеп, жол жиектерін арамшөптерден тазартты.

Арыс қаласында тұратын ақсақал Жаңабай Еркеев «Таза Қазақстан» акциясына өтеді дегенді ести сала ерікті түрде қатысуға келгенін айтады. Сексеннің сеңгіріне шыққан қария бір топ зейнеткерлермен бірге шөптерді шауып, орып, жинап шықты. Аптап ыстыққа қарамастан акцияға өз үлестерін қосты.

Жаңабай Еркеев, зейнеткер:

Сағат сегізден бастап осындамыз. Міне жолдың екі беті, мынау Шымкент-Арыс күре жолы. Осында қалың өскен шөп бар, ағаш дегендер бар, соны тазалап, жасылдандыру мәселесіне көп көңіл бөліп жатырмыз.

Тазалық шарасында әсіресе балабақшалар мен мектеп ұжымдары белсенділік танытты. Олар қураған ағаштарды жинап, түптерін әктеп шықты.

Зәбира Аханова, Арыс қаласының тұрғыны:

Кіреберісті әдемі қылып тазалап жатырмыз. Келген қонақтарға әдемі көрінеді, бізге жақсы.

Сенбілікке қатысушылар қалың болып өсіп кеткен шөптерді шауып, жиналған қоқыстар сол мезетте ақ арнайы көліктерге тиеп жіберді.

Аймақта «Таза Қазақстан» акциясы енді жаңа кестеге сәйкес жүргізілетін болды. Бұған дейін тазалық жұмыстары аптасына бір рет өткізілсе, енді күн сайын сенбілік ұйымдастырылмақ.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу