Бүгін Ақордаға Қатар, Венесуэла, Камбоджа және Бурунди елшілері келді. Олар Мемлекет басшысына ресми түрде сенім грамоталарын табыстады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан салмақты, сындарлы, бейбіт сыртқы саясат жүргізіп отырғанын атап өтті. Сонымен бірге жақын арада осы мемлекеттермен өзара ынтымақтастықты дамытуда жаңа жетістіктерге қол жеткізе алатынымызға сенім білдірді.
Абдалла Бен Хусейн Мұхаммед Джабер, Қатар мемлекетінің елшісі:
Қазақстан мен Қатар арасындағы саяси әрі экономикалық байланыс өте жоғары деңгейде қалыптасқан. Бұл екі ел басшыларының жеке кездесулерінің нәтижесі деп айтуға болады. Қос тарап елдер арасындағы қарым-қатынасқа аса маңызды әрі мүмкіндігі көп деген баға беріп отыр.
Росальба Ло Буэ Антико, Боливар Венесуэла республикасының елшісі:
Біз үшін Қазақстанмен байланысты күшейту маңызды. Елдер арасынадағы қарым-қатынас қос тарапқа да тиімді болуы керек. Біздің ел Қазақстан үшін Оңтүстік Америка мен Кариб теңізі аумағындағы сенімді серіктесі болуды қалайды.
Президент елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми басталуымен құттықтап, олардың мемлекет басшыларына ізгі тілегі мен сәлемін де жолдады. Ал, дипломаттар елдер арасындағы байланысты бекемдеуге бар күш-жігерін салатынын айтты.
Чеа Сок, Камбоджа корольдігінің елшісі:
Биыл - Қазақстан мен Камбоджа арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл. Қос ел әртүрлі салада тығыз әріптестік орнатқан. Біз үшін ол өте маңызды.
Жозеф Нкурунзиза, Бурунди республикасының елшісі:
Мен өз елімнің президентінің жолдамасын жеткіздім. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевқа ыстық сәлемдемесін айтты. Менің ендігі міндетім екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту.
Шерхан Жамбылұлы