Орталық Азия елдері ауа сапасына алаңдаулы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орталық Азия елдері ауа сапасына алаңдаулы

21.06.2024

Қазақстанда экологиялық ахуалды жақсарту үшін автоматтандырылған мониторинг жүйесін құру бастамасы өзге елдердің де назарын аударып отыр. Бұл туралы Ташкентте өткен халықаралық жиында айтылды. «Орталық Азияда ауасы таза болашақ құру» атты алғашқы аймақтық семинарға қазақстандық экологтар мен сарапшылар да қатысып, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Табиғат тазалығын сақтау бойынша елімізде атқарылып жатқан шаралар баршылық. Мәселен ауаны ластаған алпауыт кәсіпорын айыппұлмен шектелмей, қоршаған ортаны бастапқы қалпына келтіруге міндетті. Бұл экологиялық кодексте жазылған. Ташкентте өткен басқосуда Экология министрлігі мен «Қазгидромет» мекемесі ауа сапасын жақсарту бойынша Қазақстанның тәжірибесін алға тартты.

Дана Ағыбаева, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің бас сарапшысы:

Әр мемлекет өзінің саяси және экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып осы жолға түсуге жеке жоспар жасау керек. Шекара болғанмен ауаға шекара жоқ қой, ластану шекараға қарамайды сондықтан бізге барлығы ортақ

Орта Азияда тұңғыш өткізілген саяси диалог алаңына 5 мемлекеттің өкілдері, халықаралық сарапшылар мен экологтар қатысты. Іс шара БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Тәжірибе алмасу алаңында Қазақстандық мамандар экологиялық кодексте қаралған бірқатар озық бастамаларды алға тартты. Бұл халықаралық ұйымдар тарапынан жоғары бағаланған.

Бахром Холхужаев, Өзбекстанның экология, табиғат қорғау және климаттық өзгерістер министрлігінің бөлім басшысы:

Іргелес орналасқан елдер болғандықтан ауа ортақ, сәйкесінше оның тазалығы біз үшін маңызды. Әсіресе, ірі қалаларда атмосфераның ластануының алдын алу шараларын бірлесе жүргізу бастамасы өткен жылы қолға алынған. Бұл жиын соны бекіте түсті. Нақты нәтижені жақын арада көреміз деген сенім бар.

Мамандардың сөзінше, Орталық Азия елдері арасында ауа сапасы нашар мемлекеттер - Өзбекстан мен Тәжікстан. Дегенмен бұл проблема өзге елдерді де айналып өтпейді. Сондықтан ауа сапасын бақылаушы ұйымдар, оның ішінде гидрометеорологиялық органдар тәжірибе алмасуға ниетті. Бұл бағытта Қазақстан көрші елдермен бірлесіп тың технологияларды енгізуге басымдық бермек.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу