Елімізде 1424 ауылда интернет жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 1424 ауылда интернет жоқ

18.06.2024

Елімізде мың жарымға жуық ауыл интернетке қол жеткізе алмай отыр. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Үкімет отырысында айтты. Жиында интернет пен мобильді байланыс сапасын жақсарту мәселесі қаралды. Жасұлан Мәдиевтің айтуынша, өткен жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданған. Соған сай, байланыс саласына 450 миллиард теңге инвестиция салу көзделген. Сол арқылы ауыл-аймақты байланыс желісімен қамту деңгейі 2027 жылға қарай 100 пайызға жетеді деп отыр. Дегенмен Үкімет басшысы интернет сапасын сынға алды. Мәселен, былтыр 20 мыңнан астам шағым түскен. Биыл 5 айдың өзінде 11 мыңнан астам адамның байланыс сапасына көңілі толмаған. Сондықтан, Олжас Бектенов байланыс саласында бәсекелестікті арттыру қажеттігін айтты. Әрі интернеттегі кінәратты тауып, байланысты жақсартуға үш ай мерзім берді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

Министрлік монополияға қарсы органмен бірлесіп, операторлардың өз міндеттемелерін толыққанды орындауын және бағалық сөзбайласу мен тарифтердің негізсіз артуына жол бермеуді қамтамасыз етуі қажет.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу