Биыл халықаралық деңгейге көтерілген «Super Bol» жобасының гранд финалы Шымкент қаласында өтті. Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеті және еліміздің түкпір-түкпірен іріктелген жасөспірімдердің ойынын қызықтауға бұл жолы жұртшылықпен бірге кәсіби спорт клубтарының өкілдері де көп жиналды.
Биыл іріктеуге қатысқан 150 баланың ішінен мамандар 50 баланы таңдады. Олар екі командаға бөлініп, екі ай бойына тынымсыз жаттықты. Оның біріне кезінде ұлттық құрма сапында ойнаған Вахид Масудов, екіншісіне ала доптың шебері Дмитрий Огай бапкерлік жасады.
Давид Лория, жобаның бас менеджері:
Бұл жылғы ерекшелік, жоба барысында 2 команда жасақталды. Бұған дейін тек бір топпен шектелетінбіз. Мұндай өзгеріс кәсіби спортшы болуды армандаған үміткерлерімізге зор мүмкіндік бермек.
Еліміздегі біргей жоба осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Реалити-шоу 16 мен 25 жас аралығындағы жас футболшылар үшін шеберлігін шыңдаудың таптырмас алаңына айналды. Биылғы іріктеу кезеңі елімізден бөлек Бішкек пен Ташкент қалаларында да өткізілді. Оған 2 мыңға тарта өрен қатысқан.
Нұрсұлтан Құрман, Қазақстан футзалы қауымдастығының вице-президенті:
Ресейдің, Өзбекстанның, Қырғызстанның топ клубтарының өкілдері келді. Скауттары бақылайды. Ұнағандарына келісімшарт ұсынады. Қазірдің өзінде келісімшартын дайындап отырған клубтар баршылық.
Елімізде осы жобаның арқасында балалар мен жасөспірімдер футболының дамуына ерекше жағдай жасалып отыр. «Super Bol»-ға бизнестің әлеуметтік жауапкершілік аясында қаржылай қолдау көрсетеліп келеді.
Ғани Қалмаханов