Қостанайда «Таза ойындар» экологиялық акциясы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда «Таза ойындар» экологиялық акциясы өтті

17.06.2024

Қостанайда ерікті жастар «Таза ойындар» атты экологиялық акция өткізді. Ойын шарты бойынша олар бірнеше командаға бөлініп, қоқыс жинаудан өзара бәсекеге түседі. «Бұл - экологиялық мәдениетті қалыптастырудың тиімді тәсілдерінің бірі»,- дейді ұйымдастырушылар.

Жұмысты бастамас бұрын жастар би билеп бой қыздырды. Ойын шарты осылай. Жарты сағаттан соң жарысты бастауға белгі берілді.

Бұл іс-шара жастарды ойнай жүріп ойлануға жетелейді. Биыл оныншы сыныпты бітірген Аяулым сайысқа достарымен бірге келіпті. Жас жеткіншекті тұрғындардың тазалық сақтау мәдениетінің төмендігі қынжылтады.

Аяулым Қадырова, оқушы:

Қанша жинасаң да қоқыс шашылып жатады. Біздің мемлекетте қоқысты сұрыптап шығару деген жоқ. Осыны жолға қойса, қоқыс мәселесін шешуге болар еді.

Ағаш арасын аралап жүгірген жастар көзіне іліккен қоқысты қолдарындағы қапшыққа салып жатыр. Қапшыққа сыймайтындары да кездесті. Істен шыққан тоңазытқышты біреулер жағажайға әкеп лақтырып тастаған. Сәлден соң белгіленген орын қапқа салынған қоқысқа толды.

Мұндай шаралар өңірдегі барлық аудан, қалаларда өтті. Жалпы саны жиырмадан астам түрлі акция, флешмоб, челлендж ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы облыста 127 мың тонна тұрмыс қалдықтары шығарылып, рұқсат етілмеген 106 қоқыс алаңы жойылған.Тек қоқыс жинау емес, тазалық мәдениетін қалыптастурды көздейтін танымдық жұмыстар да жүргізіледі.

Абай Дүйсеков, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры:

Лекциялар өткіземіз оқу орындарында. Жағажайдағы демалушылармен әңгімелер өткіземіз. Орнын жинап кету туралы айтамыз.

Сайысқа жастар ресурсы орталығы, жастар ассамблеясы өкілдері, «Жасыл ел» сарбаздары мен еріктілерден құралған алты команда қатысты. Әр қоманданың 10 мүшесі бар. Олардың жинаған қоқысы таразыға тартылып, салмағына қарай жеңімпаздар анықталады.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу