Қазақстан-Қытай компаниялары бірлескен оқу-жаттығу өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан-Қытай компаниялары бірлескен оқу-жаттығу өткізді

14.06.2024

«Қазақстан-Қытай» магистралдық газ құбырында, апат жағдайындағы оқу-жаттығу жиыны өтті. Оған «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ның еншілес үш ұйымының қызметкерлері мен қытайлық компнаия өкілдері қатысып, төтенше оқиғаларға дайындықтарын тексерді.

«Қазақстан-Қытай» магистральды желісінің «Ақбұлақ» газ өлшеу станциясы аймағында газ құбырының екі жерден тесілуі бірнеше мекеменің жұмысшыларын шұғыл әрекет етуге мәжбүрледі. Жылдам сақтық шаралары жүргізіліп, желіге газ жіберу тоқтады. Оқиға орнына алдымен жеткен өрт сөндірушілер жалынды өшіріп, бүлінген жерді анықтауға, оны қалпына келтіруге мүмкіндік жасады.

Мұрадым Ахметов, «Бейнеу-Шымкент газ құбыры» ЖШС бөлім басшысы: 

72 сағатқа жеткізбей апатты жою жұмыстары аяқталды. Әр кезеңнің қиыншылықтары болады. Бірінші қиындық үш топты біріктіру, байланыс орнату. Сол мәселелерді пысықтап, өзіміздің мақсатымызды орындадық.

Жаттығу жиынына «Бейнеу-Шымкент», «Азия газ құбыры» серіктестіктері, «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамы мен «QazaqGaz Өнімдерінің» мамандары қатысты. «Ұлттық компания жауапкершілігі жоғары жұмыс беруші ретінде, әрбір қызметкер үшін қауіпсіз еңбек ету жағдайын жасауға тырысады. Осындай іс-шаралар арқылы еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастырамыз. Бұл біздің басты стратегиямыз, -дейді ұйымдастырушылар.

Алтай Джакубалиев,  «Qazaqgaz» ҰК» АҚ HSE қызметінің басшысы: 

Магистральді газ желісінде болатын ақаулар өте күрделі. Оның үстіне барлығын дала жағдайында атқаруға тура келеді. Бұл жұмыстың қиындығы ауыр жүк көтеретін, эскалаторлы, дәнекерлейтін өте көп техника мен мамандар жұмылдырылады. Бүгінгі жаттығуда олардың қатарына медициналық көмек көрсету қызметі де қосылды.

Жаттығуға Қытай компаниясының өкілдері де қатысты. Өйткені екі ел бүгінде «Қазақстан-Қытай» және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырларын бірлесіп пайдаланады.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу