Судьялардың жауапкершілігі күшейтіледі. Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі» туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Депутаттардың бастамасымен әзірленген құжат Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Оның мақсаты – сот төрелігінің сапасын, судьялар корпусының кәсіби біліктілігін, олардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыру. Жалпы енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қабылданып жатса, барлық инстанцияның жұмысы жетілдіріліп, кассациялық сот құрылады, дейді мамандар. Әрі судьялардың жауапкершілігі де артады. Өйткені қазылардың біліктілігі мен шығарған шешімі немесе үкімінің заңдылығын бақылайтын сот жюрилерінің жұмысы күшейтіледі.
Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Судья қандай да бір кемшілік жіберген болса, ол Жоғары соттан, облыстық соттан тыс барлығы сол сот жюриінде қаралатын болады. Арыз-талап, жіберілген кемшіліктердің барлығы тыс қалмайды. Бұрындары Жоғарғы сот төменгі соттардың кемшіліктерін анықтаған жағдайдың 25 пайызы ғана қаралып отыр.
Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Осы кезге дейінгі тәртіп қандай еді, Жоғарғы сот бір судья құрамында кассациялық алқаға бере ме, бермей ме бір өзі шешіп келді. Міне, соны жойдық. Президент те бұл туралы айтқан болатын. Президент тапсырмасына сәйкес, кассациялық соттар өз алдына құрылып жатыр. Ең басты жаңалық осы.
Досжан Маратұлы