Түркістан облысында шегіртке Шардара ауданындағы мақта алқаптарын тып-типыл еткен. Бозтоғай ауылында зиянкестерге қарсы дәрі себілгенімен, әлі таусылар емес. Шаруалар өздері арнайы құрылғылар алып, дәрілеп те жатыр. Ал, Көксу ауылында Марокко шегірткесі мақта алқаптарын отап үлгерген. Сарыағаш ауданының Әлімтау ауылдық округінде зиянкестерден бидай еккен шаруалар зардап шекті.
Ержігіт Әбен, Әлімтау ауылының тұрғыны:
Шегірткені дәрілеген. Кішкентай ұшпайтын кезде дәріледі. Оған өліп жатқан жоқ. Дәрілеген жердің нәтижесін көрген жоқпын. Өзім дәрілеген жердің нәтижесін көрдім, 10-15 минутта өліп қалды дәрілеген жерім. Бірақ жаңағыдай дәрілеген жердің нәтижесін көрген жоқпын.
Ал, жауаптылар болса бүгінге дейін 260 мың гектардан астам алқап өңделіп, дәріленгенін айтады. Тұрғындармен кездескен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров шаруалардың шығыны өтелетінін, тиісті жұмыстың атқарылып жатқанын жеткізді.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Бүгінгі күні 860 мың гектар жұмыс обработкасын жасадық. Керек препараттар барлығы алынды. Техникаларымыз дайын.
Абай облысының Ақсуат ауданындағы алқаптарды да шегіртке жайлап барады. Тұрғындар зиянкестердің тез таралып, егістікке ауыз салғанын айтуда. Қазір аймақта химиялық өңдеу жұмыстары жүріп жатыр. Қосымша техника тартылды. Құмкөл, Ойшілік ауылдық округтеріне қарасты егіс алқаптарына дәрі шашылуда.
Айнұр Ақбаева