Маңғыстауда «Аманат» партиясы облыстық филиалының өкілдері кіші «Оймаша» көлінің аумағын қоқыстан тазартты.
Жағалаудағы қоқысты жинауға жастар, мемлекеттік қызметкерлер, экологтар жұмылдырылды. Бұған дейін белсенді жастар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері туристік аумақтарды қоқыстан арылтты.
Мақсат Қанатбаев, Мұнайлы ауданының тұрғыны:
Мына сырттан, даладан келіп төгіп, қысы-жазы шіріп жатады. Осы жердің иісінен адам тұру мүмкін емес. Көлдің айналасын бүгін тазалап жатыр екен. Болашақта қоқыс төкпейтіндей етіп қоршаса екен.
Орынбасар Тоғжанов, «Амаnат» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы экологиялық кеңестің төрағасы:
Тостақандай болған Оймаша көл осының жағасына келіп, біздің халық қайта-қайта қоқыс тастай береді. Осы жерде жыл сайын бір емес, бірнеше рет тазалық жұмыстары жүреді. Бірақ қоқыстан арылатын емес. Құқық қорғаушы мамандар ластап жүрген адамдарды, қоқысты төгетін адамдарды жазалау шарасын күшейту керек.
Ал Шығыс Қазақстан облысында «Таза бейсенбі» акциясы басталғалы 12 аумақ тазаланып, 300 тонна тоқыс шығарылды. Тазалық жұмысына 1500 адам қатысты. Өскемендегі жоғарғы оқу орындарының оқытушылары және эко белсенділер мен волонтерлер шықты. Олар студенттер қалашығы мен Үлбі өзенінің бір сағасын тазартты. «Аманат» партиясы ұйымдастырып жатқан тазалық акциясына қарапайым тұрғындар да көмектесіп жатыр. Өңірде 300 ден аса заңсыз қоқыс алаңы анықталып, оның 170-ке жуығы жойылды.
Аягөз Оралбайқызы