Оралда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында «Біз - таза ел үшін» атты экологиялық эстафета ұйымдастырылды. Сенбілік сайыс түрінде өтіп, белсенді жастар ептілігімен, еңбексүйгіштігімен көзге түсті. Үздіктері марапатталып, қатарластарына үлгі болды.
Экологиялық эстафетаға жиылған 200-ге жуық жас алты топқа бөлініп, сайысқа түсті. Бірін-бірі басып озуға тырысты. Осындай акцияларға үнемі атсалысатын белсенді жастардың бірі - Жасболат Ибраев. Ол - бірнеше жылдан бері ерікті түрде туған қаласына жанашырлық танытып жүрген студент.
Жасболат Ибраев, колледж студенті:
Бірінші курсқа келгелі волонтерлікпен айналысамын. Осындай сенбіліктерден қалмауға тырысамыз. Ешкім келіп бізге жинап бермейді. Өз қаламызды өзіміз көркейтпесек, ол ешкімге керек емес. Қала тұрғындарын, Жайықтың жастарын - барлығын осындай акцияларға қатысуға шақырамыз.
Сайыс тартысты өтті. Жастар жарты сағатта базар аумағында қоқыс қалдығын тап-тұйнақтай етіп жинап шықты. Соңында әр топтың жиған қоқыс қалдығының салмағы өлшенді.
Аңсар Ибраев, облыстық ресурстық орталығының басшысы:
Бағалау жүріп жатыр. Қай команда бірінші орын алады, соны анықтаймыз. «Таза Қазақстан» акциясы Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталды. Тек қана сенбілік емес, бұл жерде басқа да акциялар, түсіндірме жұмыстар, жарыстар түрінде өткізу жоспарланып жатыр.
Эстафета мақсаты - туған қаланы таза ұстау. Бұқара арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, өзгеге үлгі болу.
Дулат Жүсіпқалиев, экологиялық эстафетаны ұйымдастырушы:
30 минуттың ішінде жастардың көмегімен 2 тоннадай қоқыс шығарылды. Бұл тек қана бір аумақта. Бұл сайыстар қаланың әр бөлігінде апта сайын ұйымдастырылады.
Акция аясында өңір жастары киелі мекен картасына енген нысандарға сенбілік жасау үшін Шыңғырлау ауданына сапар шегуді көздеп отыр.
Ардақ Мұратқызы