Ақтөбе облысында 5,5 миллард теңгеге алынған бейнебақылау камералары былтырдан бері іске қосылмай тұр. Өйткені, бұл құрылғыларды сатып алып, орнатуы тиіс компаниялар өзара соттасып, уақыт өткізіп алған.
Салдарынан көшелерге қойылып үлгерген құрылғылардың өзі жұмыс істемей тұр. Белгілісі былтыр облыс әкімдігі екі жарым мың дана бейнекамераға тапсырыс берген. Ақтөбе, Шалқар, Хромтау, Алға қалалары мен тағы бірнеше елді мекендегі көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысы қадағалануы тиіс болған. Яғни, бұл жоба өңірдегі қауіпсіздік мәселесіне де оң әсер етуі тиіс еді.
Алайда жұмыс тоқтап тұр. Облыстық цифрлық даму басқармасының мәліметінше, жуырда ғана Жоғарғы сот былтыр жасалған келісімшартты заңды деп таныған. Енді тиісті құжаттар қолға тиісімен бақылау камералары іске қосылмақ. Бірақ, оған қосымша қаржы тағы бөліне ме, жоқ па, ол жағы хабарланбады.
Жақсыбек Кемал