Астанада Орта Азиядағы «Құқық үстемдігі» жөніндегі бағдарламаның қорытынды конференциясы өтті. Басқосуға Еуропа Одағы мен Кеңесінің мүшелері және бағдарламаның игілігін көріп отырған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан,Өзбекстан елдерінен 80- ге жуық делегат қатысты. Төрт жыл бұрын іске қосылған бастама билік органдарының құқықтық бағдарына айналды. Адам құқығы, экономикалық қылмыстармен күрес және мемлекеттік институттардың тиімді жұмыс істеуіне қолдау білдіру – бағдарламаның негізгі мақсаты. Одан бөлек, білім саласындағы мәселелер мен техникалық көмек көрсету де қарастырылған.
Игорь Рогов, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөнiндегi комиссияның төрағасы:
«Құқық үстемдігі» бағдарламасы еліміз үшін айрықша маңызға ие. Расында, Еуропалық тәжірибе біз үшін ғана емес қалған 4 мемлекет үшін де мықты құқықтық бағдар болды. Азаптауға қарсы күрес мәселелерін қарастырдық. Еліміз осы конференцияға үшінші рет қатысып отыр. Қаузалған тақырып көп. Бәрі – адам қауіпсіздігіне бағытталған.
Жандос Темірғали