Онлайн құрбан шалуға арналған «Qurban2024.kz» сайты іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Онлайн құрбан шалуға арналған «Qurban2024.kz» сайты іске қосылды

12.06.2024

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбан шалу рәсімін онлайн өткізуге арналған «qurban2024.kz» сайтын іске қосты. Енді қазақстандықтар осы платформаға кіріп, құрбандық малын таңдап, онлайн аударым жасай алады. Одан соң телефоныңызға құрбандық шалынғаны жөнінде бейне есебі келеді. Ал құрбандыққа шалынған мал еті мұқтаж адамдарға таратылады. Бұл әсіресе үлкен қалаларда оңтайлы мүмкіндік, дейді басқарма өкілдері. Сондай-ақ сайт арқылы құрбандық етін алуға да өтініш білдіруге болады. Құрбан айт мерекесі алдымыздағы жексенбі, яғни 16 маусым күні басталып, үш күнге ұласады. Бас мүфтидің айтуынша, бұл күндері құрбан шалып қана қоймай, қайырымдылық жасап, жақындардың халін біліп, ізгі амалдарға ниеттенудің сауабы мол.

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:

Құрбандық еті әсіресе су тасқынынан зардап шеккендерге, қараусыз қалған қарттарға, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға таратылады. Мүфтият Құрбан айт күні «Раббың үшін құрбан шал», «Балаларға базарлық» «Жақыныңа жәрдем бер» «Біз біргеміз» сияқты қайырымдлық акцияларын ұйымдастырады. Еліміздегі барша мұсылман қауымын сауапты іске белсенді қатысуға үндейміз.

Раушан Сайлауқызы



Хабарламаларға жазылу