Қазақы тазыны ұлттық брендке айналдыру көзделіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақы тазыны ұлттық брендке айналдыру көзделіп отыр

11.06.2024

Қазақтың құмай тазысы ұлттық брендке айналуы тиіс. Осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылды. Енді шешімді халықаралық комиссия шығарады. 

Абзал Досыман – мемлекеттік қызметкер, медиа саласында жұмыс істейді. Бос уақытында тазы баптаумен айналысып, ұлттық брендтің сақталуына үлес қосып жүрген жандардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа құмай тазы сыйлаған.

Абзал Досыман, «Nomad» ұлттық аңшылық клубының мүшесі:

Мына күшіктер қазір бір айдан енді асты.  Үш айға дейін өздерінің енелерінен ажыратпауға тырысамыз.  Сүйек алып, суға қайнатамыз. Тұз салып, сорпа береміз. Арнайы дәрумендері бар. Тазының тазы болып өсуі үшін бұларды ең бірінші ауыздандыру керек. 5-6 айдан асқан кезде.

Абзал Досыманның айтуынша, 90-шы жылдары қазақ тазысы күрт азайып, тұқымы ұсақталған, жойылуға шақ қалған. Ал, 2000-шы жылдары баптаушылар бірігіп, құмай тазының санын көбейтуді қолға алған.

Бауыржан Серікқали, Қазақстан кинологтары одағының президенті:

Біздің есебіміз бойынша, қазіргі таңда 3000-3500 тазы тіркелген. Соңғы жылдары осы жұмыс күшейіп келе жатыр. 1-2 жылдың ішінде бұл сан 2-3 есе өсетініне менің күмәнім жоқ.

Абзал Досыман, «Nomad» ұлттық аңшылық клубының мүшесі:

Тазыларымыздың санын қалыпқа келтірдік. Стандарттарын бекіттік. Осы жылдың соңына дейін халықаралық деңгейде мойындатамыз деген үмітіміз бар. Неліктен тазылар күні елімізде болмасқа? Әр қараша айының алғашқы жексенбісіне келсе, жақсы болар еді.

Қаракөз Тұрмағанбет, тілші:

Жіті көңіл бөліп, арнайы баптаудың арқасында 15 жылға жуық уақытта қазақы тазы жанашырлары жүйрік жануарды сақтап, оларды көбейту кезеңінен өтті. Ендігі мақсат — қазақы тазыны халықаралық деңгейде бренд ретінде мойындату.

Бауыржан Серікқали, Қазақстан кинологтары одағының президенті:

Иттердің денсаулығын зерттеу мәселелері, ДНК зерттеп көрсету. Күні кеше өткен көрмеде талап бойынша 60 ит көрсетуіміз керек, бірақ біз 100 ит көрсеттік. Енді бұл мәселе халықаралық федерациясының бас комитеті шешетін болады. Келесі отырысы осы ағымдағы жылдың қыркүйек айында болады.

Оң шешім шықса, қазақтың тазыларына әлемдік аренада танылып, халықаралық көрмелер мен жарыстарға қатысуға жол ашылады.

Қаракөз Тұрмағанбет


Хабарламаларға жазылу