Шегірткеге қарсы күресте ғылымға сүйену қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шегірткеге қарсы күресте ғылымға сүйену қажет

11.06.2024

Қазір өңірлерге тарап жатқан шегірткеге қарсы күрес Үкіметтің қатаң бақылауында. Осы мақсатта арнайы штаб құрылып, Вице-Премьер Серік Жұманғариннің жетекшілігімен аптасына бірнеше мәрте комиссияның отырысы өтіп жатыр. Өңірлерге арнайы техника, пестицид де жөнелтілуде. Ал бұл зиянкеспен күресудің тағы қандай жолы бар? Осы сауалға жауап алу үшін Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Бахытжан Дүйсембековпен тікелей байланысқа шығып отырмыз. 

 Бахытжан Дүйсембеков, Жазкен Жиембаев атындағы қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы:

Бұл шегірткелерге мемлекетіміз аса қатты көңіл бөледі. Оның ішінде жыл он екі ай шегіртке және басқа да аса қауіпті зиянды организмдермен карантинді бақылауда ұстайды. Бұлардың бәрі фитосанитарлық қауіпсіздік мәселесіне жатады. Ал енді біздің шегірткелерге келетін болсақ Қазақстанда 271 астам түрі тіркелген. Соның ішінде аса қауіптілерге жататын 3 үйірлі шегіртке бар. Азиялық, марокколық және италияндық. Биылдың өзінде бұның қауіпсіздігі болжам бойынша 2,5 млн га алқапта қарсы күрес ұйымдастырылған және ол қатаң бақылауда. 

Шегірткеге қарсы күресте ғылыми талаптар ескеріліп және сақталып жүр ме?

Бұл жөнінде айтсақ біздің институтта кезінде шегірткелердің экологиясы деп аталатын зертхана болатын. Ол зертханада шегірткенің мамандары ғылыми жұмыспен айналысатын. Өкінішке орай бұл зертхана 2004 жылға дейін қаржыланып, одан кейін тоқтап қалды. Зертхана тарап, мамандары басқа бөлімдерге кетті. Соған қарамастан ғалымдарымыз бар. Алайда біздің жасаған әдістемелік нұсқауларымызды ұтып алып жүрген мердігерлер оны толық сақтап жүр, деп айта алмаймыз. 

Егер шегіртке ел аумағынан асып кетсе, халықаралық деңгейде қандай шаралар қабылдануы мүмкін?

Бұл бағытта әрине егер шегірткелер қанаттанып көрші елге барып ол жаққа шығын келтірген жағдайда екі мемлекет арасында комиссия құрылады. Қай елден келгені дәлелденсе сол ел шығындарды өтеуге міндеттеледі. Сол үшін бақылауда ұстап, ғылыми негіздемелерге сүйену керек. Стратегиялық бағытты өзгертіп, ғылыми негіздермен жұмыстар атқару керек. 

Ғабит Ұзақбай

Хабарламаларға жазылу