АҚШ-пен Қазақстан арасындағы сауда-саттық көлемі артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-пен Қазақстан арасындағы сауда-саттық көлемі артты

11.06.2024

АҚШ-тың Қазақстанға тікелей инвестициясы едәуір артпақ. Америкалық инвесторлар аса маңызды металдар мен минералдарды игеру ісіне қаржы салуға ниетті. Қазақстандық кәсіпкерлер де солтүстік америка нарығын бағындыруға құлшынып отыр. 

Соңғы отыз жылда АҚШтан елімізге құйылған инвестиция едәуір. Жалпы, Қазақстанға тартылған 400 миллиард доллардың 45 миллиарды осы өңірге тиесілі. Бірақ, бұл қаржының басым бөлігі қара алтын өндіру саласына салынды. Бастапқыда еліміз үшін мұның өзі аса қажет болды. Енді жағдай өзгерді. Қазақстан инвесторларды өндіріс, ауыл шаруашылығы, көлік логистика, туризм, денсаулық және білім салаларына ақша салуға шақыруда. Бұл нәтижесін де бере бастады.

Марат Бірімжан, «Kazakh Invest» ҰҚ» АҚ Солтүстік Америкадағы өкілі:

«Қазіргі таңда көлік логистика саласына ерекше назар аударып отыр. Мәселен, Транс каспий көлік дәлізін дамытуға мүдделі. Машина құрылысына да қызығушылық жоғары. Әрине бұл біріншіден мұнай газ секторындағы жобаларды жүзеге асыру үшін керек. Десе де компаниялар ауыл шаруашылығы секілді түрлі салалар бойынша Қазақстанның қажетті техникаларға сұранысын өтейтін жобаларға да инвестиция салуға дайын.»

АҚШ тарапы сондай ақ еліміздің тау-кен саласына әсіресе аса маңызды металдар мен минералдар өндірісіне қомақты қаржы құймақ. Бұл орайда, осындай жобаларды қаржыландыратын арнайы қор да құрды. Оның да себебі жоқ емес. Тиісті шикізатсыз АҚШ қазір мықтап қолға алып жатқан жартылай өткізгіштер өндірсін аяққа тұрғызу қиын. Ал, америкаға іскерлік сапармен келген Қазақстандық бизнеске алпауыт елдің жаңа технологиясымен қатар үлкен нарығы керек.

Максим Мұқашев, Логистикалық компания директоры:

АҚШ төлем қабілеті өте жоғары ел. Халық саны көрші Ресейден екі есе көп. Демек, нарығы да екі есе үлкен. Жеке тұлғалардың да төлем қабілеті жоғары. Бұл солтүстік америкада оның ішінде Ақшта бизнес ашып, кәсібін кеңейтуді қолға алған бизнесмендер үшін негізгі фактор болмақ.»

Мемлекеттердің өзара тауар айналымы екі жылда екі еседен артық өскен. Алайда, еліміздің сыртқы саудағы АҚШтың үлесі әлі де елеусіз, небәрі бес пайыз ғана. Оның жанында тауар айналымның 30 пайызы Қытаймен жасалса, 26 пайызы Ресейге тиесілі. Сондықтан кәсіпкерлер Қазақстанмен АҚШ арасында тікелей әуе байланыстын тездетіп ашып, өзара сауда-саттыққа серпін беру үшін бастапқыда болса да іскерлік байланысты ынталандыру тетігін қарастыру қажет дейді.


Хабарламаларға жазылу