Еурокубок үш күннен кейін басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еурокубок үш күннен кейін басталады

10.06.2024

Футболдан Еуропа біріншілігі басталуына үш күн қалды. Дүбірлі додаға қатысатын құрамалардың Алмания жеріне жеткендері дайындықтарын пысықтап жатыр. Аладоп шеберлерін қарсы алу қалай ұйымдастырылып жатыр? Тақырыпты әріптесім Қаракөз Тұрмағанбет тарқатады.

Шотландия құрамасын ұйымдастырушылар осылай қарсы алды. Дүбірлі доданың ойдағыдай өтуіне мүдделі мэриялар мен қонақ үй әкімгерлері де барын салып жатыр. Мысалы, Испания құрамасын қабылдайтын Эшбергхоф қонақ үйінің басшылығы қалалық футбол алаңын жөндеген.

Бен Хортиг,  «Эшбергхоф» қонақ үйінің спорт мәселелері жөніндегі директоры:

Сәуірде қосымша құм төсеп, жаңадан жасыл шөп ектік. Жасыл алаңның тура УЕФА газондары сияқты болғанын қаладық. Мамандарымыз сол үшін былтыр Ливерпульға арнайы барып, шеберлігін шыңдады.

127 бөлмелі қонақ үй Германияның оңтүстігінде, Дунай өзені бастау алатын аймақтағы курортты жерде орналасқан. Ал Алманияның батысындағы Харзевинкель қаласына Португалия құрамасы бара жатыр. Криштиану Роналду мен оның командаластарын жергілікті жанкүйерлер асыға күтіп жүр, - дейді қала мэрі.

Сабина Амсбек-Дофайде, Харзевинкель қаласының мэрі: 

Бұған дейін Португалия ойыншылары 2006 жылғы Әлем чемпионатына келген еді. 24 мың ғана халқы бар қаламызға сол жолы 10 мыңнан астам қонақ келіп, бір ай бойы футбол фестивалінің куәсі болдық.

Топтық кезеңде Португалия құрамасы алғашқы ойынын Ред Булл Арена стадионында Чехия құрамасына қарсы ойнайды. Маусымның 18-нен 19-на қараған түні Астана уақытымен 00:00-де басталатын матчты Qazaqstan және Qazsport телеарналарынан тамашалай аласыздар.

Қаракөз Тұрмағанбет


Хабарламаларға жазылу