Таразда талантты оқушылар қоқыс қалдықтарынан қолөнер бұйымдарын жасап, көпті таңғалдырды. Шығармашылықты дамыту орталығы шәкірттерінің 200-ге жуық туындысы арнайы көрмеге қойылған. Қолдарынан шыққан түрлі бұйымдар қатарында қуыршақтар, картиналар мен кәдесыйлар бар. Олар «Таза Қазақстан» акциясы аясында жарамсыз дүниеге жан бітіріп, қоршаған ортаны қорғауға шақырды. Өнерлі өрендер іске қажетті қалдықтарды аулалар алдынан теріп алған.
Томирис Шапаева, оқушы:
Мұндағы менің бастапқы ойым - керексіз заттардан керекті дүниені жасап шығару. Бұл картина үйдегі, қолдағы бар заттардан жасалған. Мысалға пенопласт және матаның қалдықтары.
Ал Жамбыл ауданы, Ерназар ауылының тұрғындары «Ең таза аула» байқауында бақ сынады. Олар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауыл көшелерін аралап, шашылған қоқысты тазартты. Сондай-ақ бүгін 200-ден астам адам қаладағы «Мамыр» саябағын көріктендіруге атсалысты. Жалпы аймақта «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы 1700-ден аса сенбілік өтіп, оған 220 мыңнан астам адам қатысқан.
Данияр Әлімқұл