14 пәтерді заңсыз иемденген қылмыстық топ ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

14 пәтерді заңсыз иемденген қылмыстық топ ұсталды

10.06.2024

Риэлторлықпен емес, рейдерлікпен айналысқан. Қарағандыда «Қара риэлторлар» деп аталатын қылмыстық топ құрықталды. Мына кадрлерде қолы қайырылып, жер иіскеп жатқандар сол топтың мүшелері. Олар зейнеткер, мүгедек немесе ішімдікке салынғандарды қорқытып, үркітіп, тіпті ұрып-соғып көлік, үй секілді мүлігін тартып алып келген. 28 адамнан тұратын ұйым құрамында заңгерлер, адвокаттар мен нотариустар да бар. Ауыз жаласып, айласын асырған алаяқтар қазір қамауда. Тергеу жүріп жатыр.

Қуандық Алпыс, ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі:

Осылайша олар 14 пәтерді заңсыз рәсімдеген. Қылмыстық топтың белсенді бір мүшесі деструктивті діни ағымның жақтаушысы болып табылады. 13 мамырда тінту шараларын жүргізу барысында әртүрлі жылжымайтын мүлік пен жеке тұлғалардың жеке деректеріне қатысты көптеген құжаттар тәркіленді. 

Жалпы қазір алаяқ риэлторлар мен оларға алданатындар көбейіп барады дейді мамандар. Өйткені сала заңмен реттелмеген. Бақылау болмаған соң кім риэлтор кім алаяқ екенін де ажырату қиын. Мәселен қазір елімізде 2 мыңнан астам риэлторлық компания мен 25 мыңнан астам риэлтор бар. Бұдан бөлек, заңсыз делдал болып жүргендері қаншама?! Сондықтан риэлторлық қызметті заңдастырып, мемлекеттік бақылауды күшейту үшін қазір депутаттардың бастамасымен үкімет тиісті заң жобасын әзірлеп жатыр.

Жәрдем Ақбисенов, Қазақстан риэлторлар қауымдастығы директорлар кеңесінің мүшесі:

Бұл заң егер қолданысқа енсе, біздің риэлторлардың абыройы да асқақтайды, іріктеледі. Оңай олжаға кенеліп жүргендердің көбі оқуға мәжбүр болады.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу