Сәуір айында президент «Таза Қазақстан» республикалық акциясын бастағаны белгілі. Ол науқан 5 аптаға созылып, әр аптаның «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» сияқты өзіндік тақырыбы мен мақсаты болған.
Енді осы бастаманы «Аманат» партиясы «Таза бейсенбі» экологиялық акциясымен жалғап отыр. Осы бейсенбідегі науқанға 12 мың адам қатысқан.Белсенділер елдімекендердегі ластанған аумақтардың картасын әзірлеп, 475 учаске анықтаған. Қоқыстан тазалау барлық облыста жүріп жатыр.
Базарбек Қамысбаев, экоблогер:
Акция деген жақсы. Бірақ кез келген адам акцияға байланбай, ішкі жан дүниесімен, саналы әрекетімен қоғамға пайдасын тигізуі керек, қоршаған ортаға. Алдымен оның себебімен күресуіміз керек. Адамдардың экомәдениетін ағарту үшін сол туралы көбірек ақпараттандыру керек. Балаларды кішкентай балабақша, мектеп жасынан бастап, осы экологиялық мәдениетке, экофрендли өмір салтын, олардың бойына сіңіруге барынша күш салуымыз керек. Сонда ғана біз тіпті сенбілік те қажет болмайтын елде өмір сүретін шығармыз.
Мемлекет басшысы Алматыда ғалымдармен кездескенде осы мәселеге де тоқталған. «Таза Қазақстан» акциясы жай науқан емес, бұл – халқымыздың көзқарасын, болмысын өзгерте алатын өте маңызды жоба» деді.
Президент «Таза Қазақстан» акциясы аймақтарда қалай жүріп жатқанын қадағалап отыратынын, ең алдымен, әкімдерден талап ететінін айтты. Бірақ бәрін әкімге жүктеп, қарап отыруға болмайтынына да тоқталды. Қоқыс өңдейтін кәсіпорындар салу керек...
«Таза Қазақстан» деген сөзді кең ауқымда түсінген жөн деп санаймын. Тазалық ең әуелі адамның сана-сезімінен басталуға тиіс. Пейілі таза адамның ісі берекелі болады, - деді Президент.
«Тап-таза» деп риза болу сезіміне бүкіл жерде және әр сәтте бөленсе ғой. Аулалар мен көшелерде, қалалар мен ауыл-аймақта, табиғат аясында. Экономикадағы барлық процестің таза жүруі осылардан бір мысқал кем емес. Мысалы, жолдар тақтайдай тегіс болса, мектептер сапалы білім беріп, емхана-ауруханалар сапалы қызмет көрсетсе, небір құйтырқы схемалар азайса, келбетіміз өзгерер еді. Сондықтан тазалық жұмысының екі бағыты қатар жүруі керек.