Мопед жүргізетіндер автокөлік жүргізушілерімен теңестіріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мопед жүргізетіндер автокөлік жүргізушілерімен теңестіріледі

09.06.2024

Мопедтер тіркеуге алынып, иесі көлікке мемлекеттік нөмір тағуға міндетті. Қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрге дейінгі мопедтер көлік құралы санатына жатқызылмақ. Тиісінше, мопед айдайтындар автокөлік жүргізушілерімен теңестіріліп, А-1 санатындағы жүргізуші куәлігін алады.

Жыл сайын техникалық байқаудан өтіп, сақтандыру полисін де рәсімдеуі шарт. Дайындыққа жарты жыл беріледі. Неге мұндай заң қабылданды? Себебі мопед тебетіндер жол қозғалысының толыққанды мүшесіне айналды. Тиісінше, жол апаттарына себепкер болып жатыр.

Осы аптада Павлодар облысында скутер камазға соғылып, екі жасөспірім мерт болды. Екеуі де 9-шы сынып оқушысы. Олар скутермен Ақсудан Ертіс өзенінің үстінен Павлодарға апаратын көпірге шығып, жолда тоқтап тұрған КАМАЗ-ға соғылған. Қатты соққыдан скутердің артында отырған бала сол жерде, ал көлік тізгініндегі жасөспірім ауруханада көз жұмған...

Қызмет көрсету саласы өркендеген сайын жеңіл көліктердің көбейетіні сөзсіз. «Жеткізіп беру» функциясынан яғни бизнестен бөлек, адамдар мопедтерді екпінді қозғалыс құралына айналдырмай ма?

Иә, бізде олардағыдай құжынаған адам жоқ, дегенмен Оңтүстік шығыс Азия елдеріндегі жағдайды білеміз. Елдос Есенбол жалғастырады.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

Ағымдағы жылдың 5 айында республика көлемінде 400-ден астам жол апаты тіркелген осы мопедтердің қатысуымен. Онда 15 адам қаза болып 455 адам әртүрлі дене жарақатын алған.

Мопед деген қозғалтқыш көлемі 50 текшеден аспайтын, жылдамдығы сағатына 50 шақырым болатын қос дөңгелекті техника. Қазір қолданыстағы заңнама бойынша оларды тіркеудің және куәлік алудың қажеті жоқ. Дәл осы ереже басқа техникаларға заңды айналып өтуге мүмкіндік береді.

Дәурен Әкімбеков, мопед жүргізуші:

Зауытта Қытайда тапсырыс бергенде көбісі 50 кубтық мопед деп оны алып келеді. Не үшін заң бойынша 50 кубтан асқан мопедтерге мемлекеттік нөмір қою керек. Көп мопедтер бізде қосалқы бөлшектер ретінде кіреді салықты төлемес үшін

Елдос Есенбол, тілші:

Автожүргізушілердің бей-берекет жүруін мына камералар шектейді ғой. Естеріңізде болса шет елдік нөмір таққан көліктер камераға түспегендіктен ереже бұзуы жиіліп кеткен еді. Ал еш жерде тіркелмеген, нөмірі жоқ мопедтердің автожолда асыр салуына ешкім кедергі болмай тұр әзір. Біреуді қағып кетсе де оқиға орнына тұра қашады. Содан кейін тауып көріңіз оны.

Жыл басынан тек Астананың өзінде 800-ден астам мопед жүргізушісі жауапқа тартылған. Алғаш рет ереже бұзғанда 2 АЕК айыппұл алады. Бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Бұл дегеніңіз 36 мың теңге.

Ғафиз Сүгірәлиев, Астана қалалық ПД Мамандандырылған батальон патрульдік полициясының қызмет аға инспекторы:

Оларда мотошлем болуы керек. Жолдың ережесі бойынша оң жақ қатармен жүру керек. Ал жаяу жүргіншілер өтпесінен түсіп, сүйреп өткізу керек. Олар жолдың оң қатарларымен жүрмей сол қатарларымен келіп, бұрылыс жасайды. Сондай-ақ жолаушы тасымалдайды. 24 жол ережесінде қарастырылған жолаушы тасымалдауға тыйым салынады.

Мәжіліс мақұлдаған өзгерістерге сәйкес, енді 16 жасқа толған мопед жүргізушілері арнайы емтихан тапсырып, А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алуы тиіс. Егер азаматтың А, В, С санатындағы куәлігі болса, А1 автоматты түрде беріледі. 0,25 АЕК көлемінде яғни 923 теңге баж төлеп, қос дөңгелекті көлігін мемлекеттік тіркеуге қояды.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл жарты жылдың ішінде жүргізушілердің дайындалуға, құжаттарын реттеуге уақыты болады. Заң күшіне енгеннен соң 6 айдан кейін тіркелмеген, жүргізуші куәлігі жоқ мопедтердің жүріп-тұруына тыйым салына бастайды.

Әбілқайырдың мопед саудасында жүргеніне 4 жылдан асқан. Сатып алушылардың дені жасөспірімдер мен жастар, дейді ол.

Әбілқайыр Құрал, жеке кәсіпкер:

Қазір екінінің бірі арзан мопедтерді алып келіп арзанға сатып береді. Екінің бірі қазір мопед айдайды. Баяғыда тек үлкендер ғана айдайтын осыдан 4 жыл бұрын. Жеткізу, курьерлерге өте ыңғайлы. Студенттерге де өте ыңғайлы. Керек ақшасын сол күні тауып алады. Жол жүру куәлігі керек болмағандықтан осыны таңдайды.

Жеткізу қызметіндегі Дәурен Әкімбеков мопедпен нанын тауып отырған жан. Көлігінің ай сайынғы шығынына 50 мың жұмсап, 350 мың теңгеге дейін таза табыс табамын, дейді ол. Куәлік алып, мопедін тіркеуге қарсы емес.

Дәурен Әкімбеков, мопед жүргізуші:

90 пайызы курьер. 10 пайызы халық. Қазіргі заманауи уақытта бізде жағдай болмағаннан кейін автокөлік алуға мынадай мопедтер, скутерлер қолжетімді. Содан кейін кептеліс уақытында жұмыстарына тез барып келеді. Үйлеріне тез қайтады деген сияқты жағдайлар. Мотоклубтар көп. Ақшасын берсе мопедпен де, мотоциклмен де айдауға үйретеді.

Аслан Қожабеков, мото клуб жетекшісі:

Маған осыған дейін бірнеше мопедист келген. Негізінен жеткізу қызметіндегілер. Олар осымен ақша тауып отырғаннан кейін кәсіби түрде үйренгісі келетіндерін айтты.

Елдос Есенбол, тілші:

Менің үстімдегі киімді мотоциклшілер тасбақа деп атайды екен. Яғни қос дөңгелекті көлікті меңгеремін дегендер ол мейлі мотоцикл болсын, мейлі мопед болсын алдымен осылай қорғаныш киімдерін киіп оқу-жаттығудан өтуі керек дейді мамандар.

Аслан Қожабеков, мото клуб жетекшісі:

Жалпылама алғанда мопедшілер оқудан өткісі келмейді. Бізге келетіндері сирек. Отырып, айдап жолға шығып кете береді. Үлкен трассада көліктермен, жүк көліктерімен қатар жүргендіктен бұл жеңіл-желпі қарайтын дүние емес. Көлік жүргізушісінің жан-жағын қоршаған темір қалқаны бар, ал сізде не бар?

Дегенмен жыл санап көбейген мопедтерге қарап болашақта жеткізушілер ғана емес автокөлікке қолы жетпеген әр азамат бір-бір мопед тізгіндемей ме деген де ой туады.

Бірақ Қазақстандағы автокөлік иелеріне мопед айдайтындарды толыққанды жол қозғалысының мүшесі ретінде қабылдауға уақыт керек екілді.

Дәурен Әкімбеков, мопед жүргізуші:

 Біздің жүргізушілер автожүргізушілер мопедті техника ретінде санамайды да. Тіпті жақтырмайды. Қысып жібереді жолда. Жол бермей қызғанады.

Екіншіден Вьетнам, Тайландтағыдай жыл он екі ай мопед айдап жүру Қазақстанда мүмкін емес, дейді қос дөңгелекті көлік иелері.

Аслан Қожабеков, мото клуб жетекшісі:

Вьетнам, Тайланд секілді елдердің ауа райын алып қараңызшы. Олар қысы-жазы мопед мініп жүре алады. Олардың өз ритмдері бар, көшеде қаздай тізіліп тұрады. Қазақстанның ауа райында мопедпен бір маусымда ғана жүре аласыз. Ал оған бола сатып алу тиімсіз деп есептеймін. Бізде тек оңтүстік өңірлерде ғана мопед әлде де көбеюі мүмкін. Бірақ автокөлікпен қатар тұратындай деңгейге жете қоймайды.

Елдос Есенбол, тілші:

Ресми тіркелмегеннен кейін мопедтердің нақты саны белгісіз. Депутаттар шамамен 5 мыңнан асады десе, Ішкі істер министрлігі 10 мыңдай болады дейді. Осыдан он жыл бұрын ресми тіркелген автокөліктердің саны 4 миллион болса, қазір 5 миллионның үстінде. Ресми тіркелгенінің өзі. Бірақ әңгіме мопед немесе автокөлік мінгеніңізге байланысты емес. Тіпті жаяу жүргінші болған күннің өзінде жол ережесін сақтап жүрсеңіз өзіңіздің де, өзгенің де өмірін сақтайсыз. Иә, кейін салынса да Астанада жер жетпегендей көшелерді тар қылып төсеген. Дегенмен сабыр сақтаса, діттеген жеріне бәрі жетеді.

Елдос Есенбол

Хабарламаларға жазылу