Стамбұлда этноспорт фестиваліне қазақстандық спортшылар қатысуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Стамбұлда этноспорт фестиваліне қазақстандық спортшылар қатысуда

08.06.2024

Стамбұлда өтіп жатқан этноспорт фестиваліне қатысып жатқан қазақстандық спортшылардың өнеріне көрермендер тәнті болды. Ат үстінде көрсетілім жасаған біздің спортшыларға халықаралық мамандар жоғары баға берді. Мәдениет және спорт фестивалі аясында дәстүрлі спорт түрлері бойынша сайыстар мен қолөнер бұйымдары көрмесі өтіп, дәстүрлі ән-күй және балалар ойындары ойналды.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Стамбұлда өтіп жатқан этноспорт фестиваліне әлемнің 20-ға жуық елінен мыңнан аса спортшы мен өнерпаз қатысып жатыр. Олардың арасында аударыспақ және теңге ілу спортының өкілдері де бар. Сондай-ақ биыл Астанада өтетін көшпенділер ойынын таныстыру мақсатында осындай киіз үй де тігілген.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қазір қарқынды дайындық жүріп жатыр. Оған 84 мемлекет қатысатынын растады.

Исламбек Салжанов, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті:

Баршаңыз білесіз биыл Президент бастамасымен Қазақстанда қыркүйекте бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтуге жоспарланып жатыр. Оған үш мыңнан аса спортшылар келеді. Оның өтуіне Дүниежүзілік конфедерация үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Әрине бұл жәй спорт емес еліміздің мәдениетін, руханиятын соның ішінде ұлттық спортымызды дамуына үлес қосатынына біз сенімдіміз.

Соңғы кездері әлем бойынша ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық артқан. Олардың қатарында қазақтың аударыспақ пен теңге ілуі де бар.

Сырым Ізбасаров, аударыспақ спортшысы:

Бізде басты мақсат - қазақтың ұлттық ойыны аударыспақты дамыту. Біз осы түрік еліне келіп көрсетіп қазақтың ұлттық спорты аударыспақты дамытып, ел арасында көп жарыс өтуін қалауға келіп отырмыз.

Азат Түлкібай, теңге ілу спортшысы:

Теңге ілу спорты қазір Қазақстанда қатты дамыған. Бізбен қоса Қырғыз елі, Моңғол елі, Қытай елдері тартылып жатыр. Қазіргі таңда Түркияға өнерімізді көрсетіп оларды өзіміздің Қазақстанға шақыру, бесінші көшпенділер ойынына шақыру.

Осымен алтыншы рет өткізіліп отырған этнофестивальдің арқасында Түркияда да атқа мінуге, садақ атуға қызығатындар көбейген.

Береда Оруч, түркиялық спортшы:

Жастардың қызығушылығы өте жоғары. Мысалы біздің командадағы ең жас спортшының жасы онда. Біздің мақсат - ұлттық спортымыз бен өнерімізді ұмытпай жастарға үлгі болу.

Этноспорт фестиваліне жыл сайын миллионға жуық адам қатысады. Жиында көпшілікке тек спорт емес қолөнер бұйымдары, ұлттық тағамдар мен салт дәстүрлер де таныстырылады.

Айдос Әшімұлы 


Хабарламаларға жазылу