АҚШ-та қазақстандық мәдени-іскерлік қауымдастық құрылды. Комерциялық емес ұйым бірнеше бағыт бойынша қазақтандықтарға қол ұшын созып, көмек бермек. Әсіресе бизнес әріптестікті дамытуға басымдық жасайды. Осы орайда, қауымдастық Вашингтонда алғашқы қазақ американ бизнес форумын өткізді. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы тарқатсын.
АҚШ-Қазақстан экономикалық ынтымақтастығының болашағы. Осындай атау берілген бизнес форум Дүние жүзілік банк ғимаратында өтті. Оған Қазақстанда түрлі салада кәсібін дөңгелетіп отырған отызға жуық кәсіпкер арнайы қатысып, халықаралық қаржылық құрылымның өкілдерімен тікелей сөйлесті, өздерін қызықтырған сұрақтарға тиісті мамандардан жауап алды.
Дархан Бекбауов, кәсіпкер:
«Бізде банктен ақша алғанда өте жоғары пайызбен аламыз. Бізге жоғары пайыздан көрі тура келсек қанша пайызбен көмектеседі деп ойлағанбыз. Енді біз расын айтсақ инвестиция сұрап келдік. Ия біздің өзіміздің қаражатымыз бар, өзіміздің істеп жатқан бизнесіміз бар. Бірақ, соны кеңейтсек үлкейтсек деген ойымыз.»
АҚШ-та бірнеше күннен бері жүрген кәсіпкерлер бұған дейін мемлекеттік департаменттің, сауда палатасының және өзге де мүдделі ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Отандық бизнесті АҚШ пен қатар Канаданың маңызды институттарымен тікелей табыстырып, алтын көпір болуды мақсат тұтқан Солтүстік Америкадағы қазақстандық мәдени-іскерлік қауымдастық. Үкіметтік емес ұйымды АҚШта ондаған жылдан бері тұрып жатқан қазақстандық бес нәзік жанды құрған.
Анар Өмірзақ, қауымдастық директоры:
«Ақпараттарды американдық бизнестерге инвесторларға көрсетеміз. Сондықтан олардың арасындағы байланыс нығая түсуі мүмкін. Олар бір-бірін көріп, ақпарат алмасқаннан кейін бірлескен жобалар пайда болуы мүкін. Біз соған үміттенеміз.»
Гүлнар Фебрес, қауымдастық құрылтайшысы:
«Бизнесте саласында бұл шарамен шектеліп қалмаймыз. Екі елдің бизнес өкілдерін табыстыратын мұндай бизнес форумдарды алты ай сайын өткізіп тұрамыз. Мәселен қазан айында қазақстанға емес әлемге танымал ірі бизнес өкілдері келеді деп ойлап отырмыз. Яғни, ынтымақтастық ауқымы ұлғая береді.»
Осы елдің банк, медицина және әлеуметтік салаларында елеулі тәжірибе жинаған мамандар бизнес байланыс қатар мәдени қарым қатынастарды да тереңдетуге күш салып жатыр. Қысқа уақыттың өзінде жеті шара өткізіп үлгерді. Ал, келешекте қазақ тілі мен биі және балалар хоры үйірлерін ашуды сондай ақ, америкалықтар асырап алған балараларға қолдау көрсетіп, жырақта жүрген қара көздердің ата жұртпен рухани байланысын бекемдей түспек.
Жалғас Сәдібекұлы