Батыс Қазақстан облысының бес ауданында тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға 401 үй салынып жатыр. Ал Оралда саяжайы жалғыз баспанасы деп танылған отбасыларға пәтер кілті табыс етілді. Әзірге қалада ірі кәсіпорындар қаражатына 52 үй сатып алынды. Ардақ Мұратқызы, тілші:
Біз қазір Теректі ауданы Подстепный ауылындамыз. Бұл жерде тасқыннан зардап шеккен отбасыларға 106 үй салынып жатыр. Міне, мынау іргетасы алғашқы құйылған үйлердің бірі. Қазір кірпіші өріліп, қабырғасы қаланған. Енді құрылысшылар төбесін жабуға кіріскен.
Қала іргесіндегі кентте құрылыс бір ай бұрын басталды. Құлаған үйлердің орнына үш бөлмелі баспана салынып жатыр. Жаңа қоныс қаладағы үйлерден кем болмауы тиіс. Талапқа сай барлық жағдай жасалады.
Азамат Сәлімов, Подстепное ауылының тұрғыны:31-ші наурызда келіп, үйімізден шығарды. Артынан келіп қарасақ, тұруға жарамсыз. Қазір құрылыс жүріп жатыр. Өзім таңғы 7-ден кешкі 7-ге дейін осы үйдің қасында жүрем. Салып жатқан жігіттерге де ризамын. Таңғы 7-де келіп жұмыс істеп жатады. Бәріне де ризамын.
Ал үйлері суға кеткен саяжай тұрғындарының алды қоныстойын тойлап жатыр. Шәкіровтер отбасы саяжайдағы қираған 70 шаршы метр үйінің орнына ауданы тура сондай жаңа пәтерге ие болды. Отбасында бес бала бар. Жүздері бал-бұл жанған балдырғандардың қуанышында шек жоқ.
Ләйла Шәкірова, Орал қаласының тұрғыны:13 жылдай дачада тұрдық. 21 сәуірде су келіп, үйіміз құлап қалды. Содан эвакопунктте тұрып жатырмыз. Тез уақытта үй аламыз деп лйлаған жоқпыз. Балалардың несібесіне осы үй бұйырып жатыр. Қуаныштымыз, бәріне рахмет. Ризамыз.
Бүгінге дейін қалада тасқыннан зардап шеккен отбасыларға ірі кәсіпорындар қаражаты есебінен 50-ден астам баспана сатып алынды. Бастапқы көмекке демеушілерден 18 млрд теңге қаражат қаралған. Әзірге 3 мың отбасының саяжайдағы үйі жалғыз баспанасы деп танылды. Комиссия жұмысы жалғасып жатқандықтан, бұл сан өзгереді. Бұдан басқа санаттағылардың мәселесі де жеке-жеке қаралады.
Азамат Халелов, Орал қаласы әкімінің орынбасары:100-ден аса азаматы - жатақханасы бар адамдар. Саяжайда 120 квадраттық үйінде тұрып жатса, өз меншігінде 20 квадраттық жатақханасы бар азаматтар бар. Одан бөлек 300-ге жуық азаматтың ауылдық елді мекендерде тіркелген үйлері бар кезінде. Ол үйлер жарамсыз деп танылған. Немесе мүлдем жоқ, бірақ тіркеуде қалып қойған адамдар бар. Оларға үй берілетін болады немесе жөнделеді. Ол техникалық қорытындыға сәйкес.
Саяжайдағы кей үйлер әлі де суда тұрғандықтан, оларды бағалау мүмкін емес. Бірақ қалалық комиссия жұмысын бір сәт тоқтатқан жоқ. Техникалық сараптама мен бағалауды он күннен кейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Ардақ Мұратқызы