Түркістан облысының Жетісай ауданында ерте егілген қауындар пісті. Биылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан диқандар бақша өнімін қар мен жаңбырдан сақтап қалып, енді Ресейге жөнелтіп жатыр.
Жетісай ауданының Абай ауылдық округіндегі бақша алқаптарында қазір жұмыс қауырт. Шаруалар ерте піскен қауындарды үзіп, жинап жатыр. Бұл жұмыстарға ауылдың жігіттері де, қыз-келіншектері де тартылған.
Бахтыгүл Қадырова, жұмысшы:
Осы қауынды егеміз, пәлегін қайтарамыз. Осы дәрежеге жеткеннен кейін өзіміз үзіп, өзіміз сортировка етеміз. Бала-шағамызбен күніне жеті жарым мың теңге табамыз.
Ауданда биыл 20 мың гектардан астам алқапқа бау-бақша дақылдары егілген. Мәселен Абай ауылдық округінде шаруалар негізінен қауын-қарбыз өсіреді. Жергілікті диқандардың бірі Әл-Фараби Күзембаев 45 гектар жерге қауынның әр түрлі сортын еккен. Алғашқысын жинай бастады. Қалғандары қара күзге дейін өнім беретінін айтады.
Әл-Фараби Күзембаев, диқан:
Биыл енді жауын-шашын көп болғаннан кейін қауындар біраз сәл ауырды. Оған дәрілерді, химикаттарды шашып, бері қаратып алдық. Базарын берсін енді. Россияда қазір сол 120-150 рубльдің арасында болып жатыр. Біздің теңгемен шаққанда 10-11 мың теңгенің арасында енді сол.
Яғни ерте піскен бақша дақылдарынан түсетін пайда көп. Шаруалар егіс алқаптарынан жиналған өнімдерін бірден Ресейдің нарығына жөнелтеді. Еліміздің өзге өңірлерінен де сұраныс бар. Бұған дейін мақта егуді ғана кәсіп еткен диқандар бақша дақылдарына ден қоя бастаған.
Нұртас Тұрсынбеков, Жетісай аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Мақта дақылдарынан гектарына 3-5 тонна өнім алса, бақша дақылдарынан кемінде 25-30 тонна өнім алады. Мемлекет тарапынан бау-бақшаға жылдың басынан бастап минералды тыңайтқыштар берілді. Сондықтан шаруалар пайдасы көп дақылдарды егіп жатыр қазіргі таңда.
Қазір қауындар жүк көліктеріне тиеліп, көрші елге тасымалдануда. Диқандар Ресейдің сауда орындарына делдалсыз жеткізеді.
Айнұр Әбілқасымқызы