Әділетті Қазақстан – биліктің ойлап тапқан жасанды идеясы емес, стратегиялық бағдарымыздың идеялық негізі. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Егемен Қазақстан газетінде жарық көрген мақаласында айтқан. Онда Ерлан Қарин саяси бағдарымыздың негіздеріне тоқталып, оның қалай іске асып жатқанын жазған. Оның айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын 2019 жылдан бері жүргізіп келеді. Ол басты бес тұжырымға негізделген. Президент оның әрқайсысын әртүрлі кезеңде ұсынып, саяси өмірге біртіндеп енгізіп келеді, - дейді.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
Кейде «Реформалар нәтижесі мен уәде етілген өзгерістер қайда? Жаңа Қазақстанның түрі осы ма?» деген пікірлер айтылып қалады. Өзгерістер әп-сәтте жасала қоймайды. Реформаларды жүзеге асыру үшін орасан зор күш-жігер, қисапсыз уақыт қажет. Мәселенің мән-жайын білмейтін адамға бұл үдеріс тым ұзаққа созылып бара жатқан секілді көрінуі мүмкін. Дегенмен өзгерістер бар. Кез келген реформа – қажырлы еңбекті талап ететін аса күрделі жұмыс. Қазақстан реформалар жолымен сенімді қадам басып келеді.
Досжан Маратұлы