Құлсарыдағы тұрғындарға 48 млрд теңгеден астам өтемақы төленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құлсарыдағы тұрғындарға 48 млрд теңгеден астам өтемақы төленді

04.06.2024

Құлсары қаласында 1500-ден астам тұрғынға жаңа баспана алу үшін және бүлінген үйлерді жөндеуге 48 млрд теңгеден астам қаражат төленді. Тұрғындарға өтемақы беру, бағалау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Ал, жаңадан салынып жатқан 100 үйдің құрылысы алдағы үш айда аяқталуы тиіс. 

Нұрсұлтан Нұрсейіт тілші:
Тасқын кезінде біз бұл жерлермен қайықпен қатынаған едік. Судың беті қайтқалы біраз уақыт өтті. Бүлінген жолдар, шашылған қоқыс, құлаған үйлер. Бұл Құлсарының қазіргі көрінісі.

Құлсарыдағы эвакуациялық пункттерде 300-ге жуық тұрғын бар. Баспанасынан айырылып, өтемақы күтіп отырған жанның бірі, бірінші топ мүгедегі Бауыржан Жасақбаев. 2 айдан бері отбасымен осында тұрып жатқан ол жаңа үйдің тапсырылуын асыға күтіп жүр.

Бауыржан Жасақбаев, Құлсары қаласының тұрғыны:
3 таңдау берді. Сол 3 таңдау әркімнің өзінің еркі. Мен баспананы таңдадым. Үйімізді тезірек бітіріп бергенін тәуір көріп тұрмыз енді.

Қалада осындай 100 үй салынады. Қыркүйек айына дейін құрылыс аяқталуы тиіс. Ал, 2000-нан астам тұрғын баспанасын қалпына келтіру үшін өтемақы алуға шарт жасасқан. 1500-ден астамына жаңа баспана алу үшін және жөндеу жұмыстарына деп 48 млрд теңгеден астам қаржы төленді. Бағалау қорытындысымен келіспеген тұрғындардың өтініші кері қаралып жатыр. Сондай-ақ жеке тұрғын-үйдерден бөлек қаланы тұтастай тазартып, қалпына келтіру жұмыстары да қарқын алған.

Жұмабек Қаражанов, Жылыой ауданының әкімі:
Инфрақұрылымнан бастап жатырмыз. Мына судан шайылып кеткен асфальттарды білесіздер. Соның барлығын қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Енді әлеуметтік обьектілерде бар. Мектеп, балабақша. Олардың барлығына да қазір облыстық білім беру және құрылыс басқармасымен бірігіп техникалық зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қорытындысын алып, ол жерге тиісті шешім қабылданады.

Жалпы өңірде су деңгейі 3 см-ге төмендеді. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Атырау облысы су тасқынының шарықтау шегінен өтті деп хабарлады. Индерде Жайық саябырсыды. Ал, Махамбетте жайылмаға таралған қалың су жолды шайып кетті.

Руслан Шариев, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:
Бүгінгі таңда әр шаруа қожалықтан түскен өтініштер бойынша жұмыстар атқарылуда. Ол малдарды қауіп жерге шығаруға және қауіпті деңгейдегі елді мекен тұрғындарына азық-түлік жеткізу және басқа жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Су әбден қайтқан соң, жырылған жолдар түгел жөнделеді. Дегенмен, мамандар қауіп сейілді деп қамсыз отыруға болмайды дейді. Атырау қаласындағы Соколок каналынан асқан су екінші бөгетке кеп тірелді. 

Нұрсұлтан Нұрсейіт

Хабарламаларға жазылу