Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша негізгі сот процесі өтіп жатыр. Айыпталушылар екеу: бірі - Гүлмира Сатыбалды, екіншісі - оның бұрынғы көлік жүргізушісі Мәди Батыршев. Айыпталушы тарап өздерін фото, видеоға түсіруге рұқсат етпеді. Оларға кәсіпкерді заңсыз бас бостандығынан айыру және аса ірі мөлшерде ақша бопсалау бойынша айып тағылып отыр. Бүгін жәбірленуші кәсіпкер Абай Жүнісов тыңдалды. Ол өзін Сатыбалды 2019 жылдың ақпанынан шілдесіне дейін, 165 күн үйінде қамауда ұстағанын айтты. Сол кезде оған әрдайым физикалық, психологиялық қысым көрсетілген. Гүлмира Сатыбалды Абай Жүнісовті бизнестен 5 млрд теңгені заңсыз алып шықты деп айыптаған. Ал, мемлекеттік айыптаушының айтуынша, 2019 жылы Гүлмира Сатыбалды Абай Жүнісовтің серіктестеріне қоңырау шалып, бизнестегі үлестерін басқа адамдардың атына жазуды талап еткен. Сондай-ақ, Жүнісовті заңсыз қамаудан босатамын деген желеумен Гүлмира Сатыбалды оның бауырлары Алтай мен Қасымның көліктері мен үйлерін басқа адамдардың атына жаздырып алған. Тартып алынған мүліктің жалпы сомасы 217 млн теңге шамасында.
Абай Жүнісов, жәбірленуші:Гүлмира Сатыбалдының бұйрығына сәйкес мені нотариусқа апарып, мойныма қарызы бар компанияны атыма жазып берді. Мен бас бостандығым шектеулі болған соң, мені босатады деген сеніммен, келісім бердім. Алайда, Жандос Әлімжановтың қадағалауымен мен қайтадан «үйқамаққа» отырғызылдым. Менің қолыма не ұялы телефонымды, не паспортымды қайтарып бермеді.
Осы іс бойынша Гүлмира Сатыбалды Астанаданғы түрмеден Алматыға жеткізілген еді. Ол бұған дейін бөтеннің мүлкін иемдену және жымқыру бабымен 2023 жылдың маусымында 8 жылға бас бостандығынан айырылған.
Айдана Қуантхан