Жыл басынан бері медициналық қызметкерлерге 9 шабуыл жасалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл басынан бері медициналық қызметкерлерге 9 шабуыл жасалған

03.06.2024

Өткен түнде астаналық тұрғын үйіне келген жедел-жәрдем қызметкеріне пышақ ала жүгірген. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы осыған ұқсас жағдайлар биыл 9 рет болғанын мәлімдеді. Медицина мамандарына дөрекілік танытып, қызметіне кедергі жасамақ болғандарды жауапқа тартуға қатысты заң сәуірде жария болды. 

Бет-жүзін жасыруды өтінген бұл азамат жедел-жәрдем қызметкері. Ол өткен түні жазатайым оқиғадан аман қалдым дейді. 103-ке дәрігерлік көмек керек деген шақырту түскен. Ерлі-зайыптыларды бейтаныс адамдар соққыға жыққан. Шақырту түскен бойда медицина мамандары барғандарын айтты, алайда ішімдік ішкен науқас пышақ ала жүгірген. Осы кезде әріптестері полиция шақырған. Бұзақы қамауға алынды. Оған әкімшілік жаза қарастырылған. Жедел-жәрдем станциясы директорының орынбасары Бота Сәдетхан мұндай жағдай жиі қайталанады,- дейді.
Бота Сәдетхан, қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы директорының орынбасары: 
Өткен жылы 15 жағдай болған. Биыл - 9. Өз басымда да осындай шабуылдарға тап болған кезім болды. Шақыртуға бардық. Қан қысымы 220 болған. Сол әйелге көмек көрсетеміз деп, ішіп алған ұлы асханадан дәу пышақты алып жүгірді. Бөлменің есігін жауып үлгердік.
Мұндай жағдайлардың жиілеуінен сәуірде Президент ақ халаттылардың жұмысына кедергі жазағандарға жаза қатаңдатылады деді. Тиісті заң әзірленді, оған Мемлекет басшысы қол қойды. Жуырда күшіне енеді. Медицина мамандарына дөрекілік танытып, құрметсіздік көрсеткендерді бас бостандығынан айыру көзделген.
Жандос Тұяқов, заңгер: 
Бір азаматқа қатысты дене жарақатын салса, 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Ал екінші бөлігінде 2 адам немесе, бұзақылық мақсатта, ұлтараздық мәселе туындаса, 1000 АЕК мөлшерде айыппұл, немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Аида Ахметбек, тілші:
Дәрігерлердің құқығы бұзылған жайттер бұған дейін Талғар, Шымкент және Петропавлда да тіркелді. Шучинск қаласында да жанармай құйып тұрған жедел-жәрдем жүргізушісіне бұзақы шабуыл жасаған видеосы тараған еді. Біреудің өмірін қауіптен арашалаймыз деп, өз өмірін қатерге тігетін ақ халаттылар жұмыстарына құрметпен қарауды сұрап отыр.
Аида Ахметбек

Хабарламаларға жазылу