Көліктерге салынатын утиль алымға қарсы петиция жарияланып, 50 мыңнан астам қол қойған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көліктерге салынатын утиль алымға қарсы петиция жарияланып, 50 мыңнан астам қол қойған

02.06.2024

Көліктерге салынатын утиль алымға қарсы петиция жарияланып, 50 мыңнан астам қол қойғаны мәлім. Салаға жауапты Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қ.Шарлапаевтың комментарийі:

Утиль алымға қарсы петицияға орай комиссия құрылады.Аймақтарға барып, адамдармен кездеседі, автозауыттарға соғады. Сосын комиссия жұмысының қорытындысы шығады, артынан қоғамдық тыңдаулар өтеді. Мұның бәріне 40 күн керек, демек 5- шілдеге дейін шешім шығарылады, деді Шарлапаев.

Министрдің утиль алымды алып тастауға қарсы екені мәлім. Отандық өнеркәсіпті, дәлірегі – отандық автоөндірісті дамыту үшін утиль алым керек те керек деп жүр. Утиль алымды алып тастауға орай дискуссия шеттен көлік әкеліп сатумен айналысатындардың - алыпсатарлардың пайдасына бола жүргізіліп отыр деп есептейді.

Петиция наурыздың 10-да жарияланған. Хатта жеңіл автокөліктерге алымды 100 мың теңгеге дейін түсіру, ауыл шаруашылығы техникаларын мүлдем босату жазылған. Ал алғашқы тіркеудің ставкасын 0,25 АЕК –ке төмендетуді талап еткен. Петицияға 50 мыңнан астап адам электронды қол қойғаны анық көрініп тұр, мұндай жағдайда үкімет қарауға міндетті.

Утиль алым қанша тұрады дегенге келсек, алымның көлемі қозғалтқыш көлемі мен автоның категориясына байланысты. Яғни әр түрлі коэффициенттер таңылған. Соларды базалық ставкаға көбейтеді. Оның көлемі 50 АЕК. Ал АЕК 1-қаңтардан бері 3 692 теңге. Мысалы, қозғалтқышының көлемі 1 001 см³ 2 000 см³ -ге дейінгі автомобильдің утиль алымы 646 100 теңге. 3 000 см³ -тан асатындары 2 млн теңге...

Мінілген, бірақ сапалы көлік алғысы келетін азаматтар шеттен сондай көлік әкеле алмай, күйініп жүр. Сондықтан утильалымды алып тастау ұсынысы алыпсатарлардың ғана лоббиі деп қарау минимум, бұра тарту... Сонымен бірге петициядағы бір талапты сенатор Әли Бектаев та қойып отыр. Ауыл шаруашылығы техникасынан утиль алымды алып тастауды. Еліміздегі ауыл шаруашылығы техникасының 76 проценті тозған. Қолданыстағы нормативтерге салса, алқаптарда 65 мың трактор мен 43 мың комбайн жетпейді.

Автокөлікке байланысты тағы бір мәселе бар. Техникалық бақылау. Көлік министрлігі формальді техникалық бақылау жүргізетіндерге айыппұлды 100 АЕК көтеруді жоспарлап отыр. Жалпы бұл процесс көзалдауға айналды.

Ақшасын төлесе болды, керек қағазын жазып береді. Нарықтағы мыңға жуық оператордың қайсысы шынайы жұмыс істейді, тіпті оның нақты санын анықтау - мүмкін еместей. Өзімізді өзіміз алдайтынымыздың шегіне жеткені сонша, норма болып есептелетін норма емес тірлік көп.

Серік Жұмабек, тілші:

ІІМ былтыр ел аумағында тіркелген жол апаттарының арасында көліктің техникалық ақауына байланысты 18 оқиға болғанын айтады. Салдарынан 26 адам жарақат алып, 7 адам қаза тапқан. Мамандар, қайғылы жағдайлардың негізгі себебі көлікті техникалық байқаудан өткізбеу немесе жалған құжат жасату деп түсіндіреді.

Қазақстанда 5 млн 200 мың автокөлік бар. Соның 3 миллионы жыл сайын техникалық байқаудан өтіп тұруға міндетті. Бір қызығы елдегі темір тұлпарлардың тең жартысынан астамының жүрілгеніне 20 жылдан асқан. Соған қарамастан техникалық байқау бекеттері автомобильдердің 98 пайызын жүруге жарамды деп таниды екен. Парадокс!

Диас Нұрақын, автосарапшы:

Көлік техникалық талапқа сай болмай жол апатына ұшырап кейін қудалап келіп мен осы жерден өтіп едім, осы кісілер менікін тексеріп берген содан кейін көшеге шықтым деген сұрақтар туындаса ол кісіні таба алмайсыз. Ол жабылып кетіп қалған. Бірақ, басқа атпен басқа жерде ашылып жұмыс істеп жатыр.

Қазір бұл нарықта 950 оператор тіркелген. Оларға тиесілі 2727 техникалық байқау орталығы бар. Оның 850-і жылжымалы қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта аталған орталықтардың саны айтарлықтай азаюы мүмкін. Себебі, жаңа заң қабылданбақ. Оған сай кәсіпті бастау және жүргізу үшін талап қүшейеді.

Қанат Қалмағамбетов, ҚР КМ Автомобиль көлігіндегі бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Заңда екі өзгеріс. Хабарламадан рұқсаттама жүйесіне көшу. Операторлардың жұмысына талапты қатаңдатамыз. Сәйкесінше, бұлар стандартқа сай жұмыс істеу керек. Ғимараттары, қондырғылары барлығы ережеге, стандартқа сай болу керек. Екіншісі, әкімшілік кодекске өзгеріс. Осы талаптарды орындамай заң бұзушылыққа жол берген кезде айыппұлдың мөлшерін 30 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін өсіруді қарастырып отырмыз.

Бауыржан Шайдолла, «Qaupsizdik kepili» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Қазір көліктің қозғалтқышы мен шанақ нөмірін тексеру техникалық байқаудың құзіретінде. Техникалық байқау тексеріс нәтижесін жол полициясына хабарлайды. Сондықтан тех байқау полиция мен автожүргізушілердің арасындағы көпір деуге болады. Техникалық байқау не үшін керек дегенге жауаптың бірі осы.

Серік Жұмабек, тілші:

Мемлекет неге жаңа заң қабылдауға мәжбүр болды?! Журналист, автокөлік саласын зерттеп жүрген әріптесім Оңғар Алпысбайұлының айтуынша мұның ең басты себебі соңғы 6 жылда ТБО ашу мен жүргізу талаптары тым жеңілдеп кеткен. Бұрын кәсіпкер алдымен мемлекеттен рұқсат алатын. Құзырлы мекеме өкілі міндетті түрде орталық ғимараты мен құрылғыларын тексеріп, толықтай талапқа сай болған жағдайда ғана ашуға рұқсат беретін. Ал, 2018 жылдан бастап бәрі өзгерді деп отыр.

Оңғар Алпысбайұлы, журналист, автосарапшы:

Ал кәсіпті жеңідетеміз, шағын және орта бизнеске мүмкіндік береміз деген кезде хабарландыру принципіне өтті. Үйде толық құжаттарын тіркейді де ешқандай тексерусіз мен ертеңнен бастап ТБО ашам деп мемлекетке хабарлама жібереді содан кейін жұмыс істей береді. Осы уақытқа дейін олардың қызметін тексеруге де мүмкіндік болмады. Себебі мораторий болды. Соның әсерінен дәл қазіргі уақытта қалтасының қамын ғана ойлаған ТБО қаптап кетті.

Бауыржан Шайдолла, «Qaupsizdik kepili» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Біздің ойымызша дәл осы шешім сапасыз техникалық байқау орталықтарының ашылуына жол берді. Енді міндетті түрде рұқсат алу керек.

 «Заң қабылданса бүгін ашылып ертең жабыла салатын бір күндік фирмалар жоғалуы керек. Жалпы, әрбір жеңіл көлік 60-тан астам көрсеткіш бойынша тексерілуі тиіс. Ал егер бұрыннан жұмыс істеп тұрған орталықтарда мұндай техникалық мүмкіндік болмаса ше?

Оңғар Алпысбайұлы, журналист, автосарапшы:

Ал қазір жұмыс істеп тұрған орталықтарға 6 ай уақыт береді. 6 ай уақыттың ішінде олар құрылғыларын, ғимаратын барлығын стандартқа сәйкестендіру керек те мемлекетке айту керек мен сәйкестендіріп қойдым, келіп тексерсеңіз болады. 6 айдың ішінде осы тексерістен өткеннен кейін оның жұмысын жалғастыруға мүмкіндігі болады.

Елімізде жыл сайын талапқа сай келмейтін 200 техникалық байқау орталығы жабылады екен. Ал, Көлік министрлігі соңғы 3 жылда фотошоп арқылы техникалық байқаудан өткізетін 350 оператордың жұмысын тоқтатқанын айтады. Көлікті тек суретіне қарап бағалап, кұжатты қашықтан сататындарды мүлде жойдық деп отыр.

Серік Жұмабек, тілші:

Дәл қазір телефон арқылы техникалық байқау орталықтарына хабарласып көлікті онлайн тексеріп беруді сұраймыз. Астанадағы үш орталыққа хабарластық. Ешқайсысы келісім берген жоқ. Шамасы жаңа заңдағы жаңа талаптар туралы естіп- біліп отырған болулары керек.

Қанат Қалмағамбетов, ҚР КМ Автомобиль көлігіндегі бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Фотошоп арқылы бармай өткізген техбайқау карталарын аннулировать етеміз. Оған 1414 арқылы смс хабарлама келеді. Сіздің тех байқауыңыз аннулировать етілді қайтадан өтіңіз деген. Егерде, операторлар жылына 2 рет заң бұзушылыққа жол берсе оны рұқсаттамадан айырамыз және одан кейін ол 3 жылға дейін осы қызметпен айналысуға мүмкіндігі болмайды.

Заң бойынша көлігінде ақауы бар жүргізушіге 10 күн уақыт беріліп, жөндегеннен кейін ғана техникалық байқаудан өтті деген құжат табысталуы тиіс. Өкінішке қарай сол талаптың орындалуына кейде қарапайым халық мүдделі емес.

Оңғар Алпысбайұлы, журналист, автосарапшы:

Ал халық қалай істейді? Халық олай қайта-қайта жүргісі келмейді ақысын төледі өтті бір күннің ішінде шаруаны бітіріп тастағысы келіп тұрады.

Диас Нұрақын, автосарапшы:

Жүргізушілерге де қатысты талапты күшейту керек деп ойлаймын. Өйткені, салдыр-салағы шыққан, сүйретіліп сүйегі шыққан көліктердің өзі көшеде жүр. Олар қалай техникалық байқаудан өтті. Ол көзбен көріп тұр жүруге жарамайтынын, қауыпті екенін көріп тұрсада олар жүр. Бірақ, олар 5-10 теңгесін беріп техникалық байқаудан өтті деген қағаз алып алған. жүргізуші ол тек гаидің айыппұлынан ғана қорқып отыр да. Ал отбасының қауыпсіздігі, қоршаған ортаның, басқа қоғамдық қозғалыстың қауыпсіздігі дегенге бас қатырып отырған жоқ.

Серік Жұмабек, тілші:

Шетелде техникалық байқау талаптары тым қатаң. Мысалы, Ұлыбританияда техникалық байқауды Көлік министрлігінің өзі жүргізеді. Ал, Францияда тек мемлекеттік лицензия алған жеке фирмалар айналысады. Құжаты жоқ жүргізушіге 90-140 еуроға дейін айыппұл салынады, қайталанса түрмеге қамалуы мүмкін. Ал Австрия мен Германияда техникалық байқауды Техникалық қадағалау одағы жүргізеді. Бір қызығы, Германияда техникалық тексеру жүргізетін маман 2 жыл оқып, білім алуы шарт.

Оқу дегеннен шығады. Сарапшылар саладағы сапаны арттыру үшін кәсіби мамандар жетіспейтінін айтады. Заңға енбей, елеусіз қалған тұсы да осы. Былтырдан бастап Астана қалалық кәсіптік- техникалық колледж ТБО жұмыс істеп жүрген мамандардың біліктілігін көтеру үшін 1 айлық оқу курстарын ұйымдастыруды қолға алған. Бірақ, «қысқа мерзімді оқытумен кәсіби маман даярлау мүмкін емес»,- дейді. Ал, жеке мамандық ретінде білім бағдарламасында қарастырылмаған.

Омарбек Тілеубаев, Астана қалалық Кәсіптік-техникалық колледж директорының оқу-өндіріс жұмыстары жөніндегі орынбасары:

ҚР мамандықтар тізбесінде техникалық байқау орталықтарының эксперті деген мамандық жоқ. Мамандықтар тізбесіне техникалық байқау пунктерінің мамандары деген мамандық енгізілу керек сияқты. Ол мемлекеттік болсын, жеке болсын осындай техникалық және кәсіптік білім беру орындарында маман даярланатын болса онда олар арнайы дипломы бар мамандар, арнайы білікті мамандар болып шығады.

Егер заң қабылданса нарықтағы техникалық байқау орталықтарының тең жартысы жұмысын тоқтатуы мүмкін. Оның үстіне шағын және орта бизнеске бағытталған мораторий алынып тасталды. Бірақ ескі көлік көп, бұл нарық өлмейді. Оларға баратын автосы көнелердің легі азаймайды. Әйтпесе кім лақсасы шыққан машина мінгісі келеді дейсіз.

Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу