Жезқазғанда «Ұлытау үні» фестивалі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазғанда «Ұлытау үні» фестивалі басталды

01.06.2024

Жезқазғанда өңірдің брендіне айналған «Ұлытау үні» фестивалі басталды. 32-ші рет өткізіліп жатқан дода Жошы Ұлысының 800 жылдығына және қазақ әдебиетінің алыбы Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толуына арналды. Фестивальдің алғашқы күнін аламан айтыс ашып, сахна төрінде Ұлытау мен Қостанайдың дүлдүлдері бақсынасты.

«Ұлытау үні» биылда кіл мықты өнер саңлақтарының басын қосты. 32-ші рет шымылдығын түркен республикалық фестиваль талай тарланның жұлдызын жағып, үлкен сахынаға жол ашты.

Қайырбек Сәдуақасов, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ұлытау үні» республикалық фестивалінің негізін қалаушы:

32 жыл бұрын осы өлкедегі өнерпаздардың соншалықты көп екендігіне көзім жеткеннен кейін міндетті түрде осылай жарқыратып өткізуді өзіме парызым деп есептедім. Бірнеше ән жазып,осында алғаш тұсаукесерін кескенбіз. Содан бері келе жатқан жас таланттардың әрқайсысы ерекше мәнерімен ескі дәстүрлі өнерді ұмытпай жүргеніне мен өте қуаныштымын. Мен бақытты адаммын деп есептеймін.

Биылғы фестиваль бұрынғысынан ерек. Өнер сүйер қауым алғаш рет командалық айтысты тамашалауға мүмкіндік алды. Айтыстың атасы Жүрсін Ерман баптаған айтыскер ақындар сөз барымтасында сынға түсті.

Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, Айтыс ақыны:

Бұнда біздің бабаларымыздан аманат болып жеткен ұлттық өнерлеріміздің салтанат құратын кеші. 5 өнердің басы қосылған керемет өнердің салтанаты. Бұл біріншіден айтыс өнері. Бұл жыршылық өнер. Бұл термешілік өнер. Бұл дәстүрлі ән өнері. Сонымен біздің күй өнеріміз. Тағы бір ерекшелігі қазылар алқасы әрбір өнерге өзінің майталман мамандары ғана баға бере алатын болады. Мысал үшін, мен ақынмын. Бірақ,күйдің теориясын жан-жақты талдап бере алмауым мүмкін. Бұл мейлінше осы байқауда әділеттілік салтанат құрсын деген ұстаныммен.

Фестиваль үш күнге жалғасады. Осы аралықта белгілі өнерпаздардың шығармашылық кештері өтіп, бірнеше мәдени нысан ел игілігіне пайдалануға берілмек.

Жандос Бақытұлы

Хабарламаларға жазылу