Ерекше қабілетті балалармен сұхбат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ерекше қабілетті балалармен сұхбат

01.06.2024

Конституцияны мүдірмей жатқа айтады. Ол аз десеңіз, күрделі есептердің түйінін оп-оңай тарқатады. Түрлі кейіпкерлерді айнытпай жасайтыны тағы бар. Бұл ерекше өнердің иелері ойын балалары дегенге сенесіз бе? Сенбесеңіз, экранға жақынырақ отырыңыз. Әріптесім, Жандос Темірғали дарынымен дараланған Мұхтар, Ахмет, Хұсейін есімді балғындармен жүздесіп, талантын көзбен көріп келді.

Құдды бір мультфилім кейіпкерлерінің шеруі сияқты иә?! Бұл - дүкеннен сатып алынған дайын ойыншықтар емес. 12 жасар Хұсейіннің өз қолымен жасаған шедеврлері. 3 жасынан бастап, ермексазды ермек еткен балақайдың жеке колекциясында, қазір 400-ден астам туынды бар. Үлкені алақандай. Ал, кіп-кішкентайы 1 теңгенің көлемінен де шағын. Соған қарамастан детальдары қанық.

Хұсейін әр туындыға кемі 1 сағат жұмсайды. Түсірілім барысында бізге Алдар-Көсенің персонажын жасап берді. Тура мультфилімдегідей. Айнымайды.

Хұсейін Қаленов:

Соны миымда көріп, басынан бастап. Өйткені, басы өте қиын жасау. Шаршаймын, бірақ, жасап болған кезде көріп, рахат аламын.

Математик Мұхтар

Мұхтардың ойнауға уақыты жоқ. Бар зейіні математикада. Күніне 3-4 сағатын күрелі пәнді меңгеруге арнайды. Өзі 5 сыныпта оқи тұра, 7 сыныптың есептерін шемішкеше шағады. 40-тан астам түрлі формуланы жатқа біледі. Зерделі халықаралық мектебінің толық грант иегері. Қатысқан олимпиадаларынан жүлдесіз қайтпайды. Кіл бірінші орын.

Мұхтар Ахметқали:

Ойын ойнағаннан гөрі, есеп шығарғанды жақсы көремін. Мен есеп шығарғанда өзіме жақсы мотивация аламын. Мақсатым – математиканың алты шешілмейтін есебін шығару. Және мен осы жолда жақсы ізденіп жатырмын. Мен қалайда қазақтан шыққан ең мықты математик ғалым боламын.

Ата заңды жатқа айтатын Ахмет

Ал 7 жасар Ахметтің өнерін қайталайтындар кемде кем. Ол 5 жасында-ақ Конституцияны толық жаттап алған. Ұстазы – анасы. Зерек ұлан Абайдың шығармаларын да зердесіне тоқыған. Сұрасаңыз, Алпамыс батыр жырынан да айта жөнеледі. Арманы - Біріккен Ұлттар Ұйымында жұмыс істеу. Біз түсірілім кезінде заңның бөлімдерін ғана сұрап көрген едік.. мүдірмеді.

Ахмет Жақсылықұлы:

Бірінші бөлім – жалпы ережелер. Екінші бөлім – адам және азамат. Үшінші бөлім – Президент. Төртінші бөлім – Парламент. Бесінші бөлім – Үкімет. Алтыншы бөлім – Конституциялық сот. Жетінші бөлім – соттар және сот төрелігі. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл. Сегізінші бөлім – жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару. Тоғызыншы бөлім – қорытынды және өтпелі ережелер.

Өнерлі өрендер «Дара бала» мегажобасына жолдама алды

Ахмет-Мұхтар-Хұсейін. Биікке ұмтылған ұландардың жұлдызды шағы енді басталады. Өйткені, елден ерек өрендер Ұлттық арнадағы «Дара бала» жобасында өнер көрсетпек. Жаңа бағдарлама күзде қалың көрерменнің назарына ұсынылады.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу